Алматыда екі жағалау мен 15 көше жаңарады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 15 көше мен екі өзен жағалауы 2020 жылға дейін жаңа кейіпке енеді. Бұл туралы Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Басқарма 15 көше мен екі жағалауды қайта жөндеу туралы жобалық-сметалық құжат дайындаған. Оларға Райымбек батыр даңғылы - Есентай өзенінің жағалауы - Абай даңғылы - Достық даңғылы шаршы аумағы кіреді», - деді Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының орынбасары Алмасхан Ахмеджанов. 

«Адамдарға ыңғайлы қала» концепциясы аясында биыл маусым айынан бастап қала орталығындағы бірқатар даңғылдар мен көшелер жаңа келбетке ие болады. Бұл тізімде Абай, Абылай хан, Достық, Назарбаев, Желтоқсан көшелері бар. Бұл аудандарда жаяу жүргіншілер аумағы кеңейтіліп, субұрқақтар пайда болмақ. Сондай-ақ, балалар алаңы мен скверлер бой көтереді.

«Биыл бірінші кезеңде осы 5 көшені қолға аламыз. Қалғанын келесі жылға жоспарлап отырмыз. Барлығы бюджеттік қаржыландыруға байланысты. Жөндеу жұмыстарын кезең кезеңімен жүзеге асырамыз. Бұл көшелерден бастаған себебіміз - мұндағы тротуарларға тұрғындардың көңілі толмайды. Тротуар құрылысы биыл аяқталады. Қалған жұмыстар орталық көшелерді жандандыру мақсатында жүргізіледі. Мәселен, плиталар төселіп, асфальт жаңартылады»,-дейді ол. 

Басқарманың мәліметінше, Алматының дизайн-коды жасалу үстінде. 2019 жылы аяқталатын жобада қала ғимараттарының және көше жабындары, шамдар мен маңдайшалардың түр-түсі жазылады. 

Соңғы жаңалықтар