Алматыда екі мамандандырылған ХҚО-да жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыруға болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылықтар екі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізуші куәлігіне практикалық емтихан тапсыра алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының халыққа қызмет көрсету жөніндегі №1 мамандандырылған бөлімінің автодромы 2013 жылғы қаңтардан бастап жұмыс істейтін, ал №6 мамандандырылған бөлімінің автодромы таяуда ғана ашылды.

«Мамыр айының соңында 1000 шаршы метр алаңда автоматтандырылған автодром ашылып, онда көлік құралын басқару құқығын алуға практикалық емтиханның бірінші кезеңі қабылданды. Бүгінгі таңда бөлім Алматы қаласының және Алматы облысының жақын маңдағы аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Автодром ашылған күннен бастап 9 242 жүргізуші куәлігі берілді», - деп атап өтті филиал директоры Данияр Қырықбаев.

Алматы мамандандырылған ХҚО-ның автодромдарында жүргізу бойынша емтиханның практикалық бөлігін тапсыру кезінде адами факторды толығымен болдырмайтын заманауи электрондық бақылау жүйесі қолданылады. Ол арнайы техникалық құралдар мен құрылыстар кешенін қамтиды және А, В, С, D санаттарындағы жүргізушілердің көлікті басқару дағдысын бағалау үшін пайдаланылады.

«Барлық азаматтар практикалық емтиханды қалай тапсыратыны, автоматтандырылған автодром деген не және емтихан соңында баға қалай қойылатыны туралы нақты біле бермейді. Мұны түсіну үшін тәжірибе қажет. Көптеген жүргізушілердің жұмыс күні оқуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, демалыс күні жаттығуға ниет білдірушілер үшін «Саялы» шағын ауданында орналасқан №1 мамандандырылған ХҚО-ның автодромы ашық болады», - дейді Данияр Қырықбаев.

«Автоматтандырылған электрондық алаңда практикалық емтихан тапсыруға емтихан алды дайындықты жүргізу» мемлекеттік қызметін пайдалану үшін, азамат оқу күніне дейін 2 күн бұрын мамандандырылған ХҚО-ға жүгінуі және қызмет көрсетуге шарт жасасуы қажет. Бұл ретте өзіңізбен бірге тек жеке куәлігіңіз болу керек.

Болашақ жүргізушілер мұнда көлік құралын басқару дағдыларын бақылау мен бағалаудың электрондық жүйесімен жабдықталған мамандандырылған ХҚО автокөлігін пайдалана алады.

Данияр Қырықбаевтың айтуынша, онда тәжірибелі нұсқаушылар жұмыс істейді, олар жабдықталған автодромда және жол-көлік желісінде автокөлік жүргізуді үйретеді. Мұнда міндетті емтихан элементтерін жасауға болады.

Жыл басынан бері Алматының екі мамандандырылған ХҚО-сында 100 мыңнан астам жүргізуші куәлігі берілген, олардың 60 мыңнан астамы автодромдарда емтихан тапсыру нәтижесінде алынған.

Айта кетейік, №1 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы Алатау ауданы, «Саялы» шағын ауданындағы Аққайнар көшесі 1-үй және №6 мамандандырылған ХҚКО Жетісу ауданы, «Кемел» шағын ауданындағы Ақсуат көшесі 118-үйде орналасқан. Онда барлық нормативтік талапқа сәйкес келетін автоматтандырылған автодром жұмыс істейді..


Соңғы жаңалықтар