Алматыда екі әйелді қағып кеткен су таситын көліктің жүргізушісі қамауға алынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда екі әйелді қағып кеткен су таситын көліктің жүргізушісі қамауға алынды.

Бұл туралы қалалық соттың баспасөз хатшысы Қуандық Ешімет хабарлады.

Оның айтуынша, Наурызбай аудандық сотының судьясы Қалиев Жұмабек көлік жүргізушісі Мирхат Сарғасқаевты бұлтартпау шарасы ретінде 2 айға қамауға алу туралы шешім шығарды.

Айта кетейік, жол апаты 13 тамызда Наурызбай ауданының Гроза көшесінде орын алған. 1980 жылы туылған Сарғасқаев Мирхат су таситын көліктің рөліне ие бола алмай бұрылыста тұрған адамдарды соғып тоқтаған. Салдарынан екі әйелдің бірі сол жерде жан тәсілім етсе, екіншісі ауруханаға жетпей көз жұмған. Куәгерлердің айтуынша, апалы-сіңлілі қыздар автобус күтіп тұрған.

Олардың бірі қолындағы баласын қауіпсіз жерге лақтырып үлгерген. 1 жасар бүлдіршін де ауыр жараланып, жан сақтау бөліміне жатып шықты. Өткен аптада бүлдіршін үйіне шығарылды.

Аталған дерекке сәйкес ҚР ҚК 345-бабының 4-тармағы бойынша сот алды тергеу жұмыстары басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар