Алматыда екі әйел көршісін өрттен құтқарып қалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда екі әйел өртенген пәтерден ер адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқыс оқиға Жароков пен Қабанбай көшелерінің қиылысында болған. Көп қабатты үйдің төртінші қабатында орналасқан 1 бөлмелі пәтерде заттар өртене бастаған.

Сол сәтте пәтерде тек Еркін Төрегелдин ұйықтап жатқан.

Бөлмені жайлаған қою түтіннен оянған ол есік жаққа бара алмаған. Сондықтан, балконға шығып, көмек шақырған. Осы кезде бір қабат жоғары тұратын Андрей Моисеев бірден 101 қызметін шақырған. Андрей Моисеев пен анасы Анна Моисеева және тағы бір көршісі Наталья Кисарь өрт сөндірушілер келгенше Еркінге балконның жақтауына шығуға көмектеседі.

Осылайша үшеуі астыңғы балконнан Еркінді қолынан тартып алып шыққан.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтаған.

«Ересек адамды екі әйел жоғарғы қабатқа көтеріп алды дегенге сене алмай тұрмыз. Көршісін көтере алмай өздері төменге құлап түсуі ықтимал еді. Андрей Моисеев жарылыстың алдын алу үшін подьездегі газ колоннасын бұрап жапқан. Осындай азаматтарға ризашылық білдіреміз»,- деді ТЖД қызметкерлері.

Айта кетерлігі, пәтерін өрт шарпыған Еркін Төрегелдиннің қол-аяғын жеңіл күйік шалған. Сонымен қатар, түтіннен уланған. Алайда ол ауруханаға жатудан бас тартты.

Соңғы жаңалықтар