Алматыда екі ай бұрын жоғалған қыздың мүрдесі каналдан табылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облыстық полициясы екі айдан бері із-түссіз кеткен 22 жастағы бойжеткен Анастасия Галееваның мәйітін тапты. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Көбейхан Нұрахмет айтты.

Оның айтуынша, мүрде Іле ауданындағы Междуречинск ауылына жақын арада каналдың шлюздерінің бірінен табылған.

«Бүгін іздестіру шаралары барысында жоғалып кеткен Анастасия Галаееваның денесі Іле ауданындағы Междуречинск ауылына жақын арада каналдың шлюздерінің бірінен табылды. Табылған мүрденің Анастасия екенін оның туғандары растады. Бұл дерек бойынша сот медициналық сараптама тағайындалады», - деді Алматы облыстық Полиция департаментінен.

Қазір тергеу ісі облыстық Полиция департаменті басшысының жеке бақылауына алынды.

Қызды каналға лақтырып жібергенін мойындаған достары қазір ешқайда кетпеу жөнінде қолхат берген.

Облыстық Полиция департаментінің басшысы Мұрат Ұрұмханов марқұмның туғандарына көңіл айтты.

«Анастасияның туған- туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Істің ақ-қарасын тағайындалатын сараптамалар шешетін болады деп сенемін. Барлық тергеу жұмыстарының обьективті, жан-жақты жүргізілуі қамтамасыз етілетін болды», - деді Мұрат Ұрұмханов.

Айта кету керек, 22 жастағы қыз ақпанның 9-нан 10-на қараған түні Алматы облысы Жаңа Қуат коттедж қалашығындағы құрбысының үйіне шаш үлгісін жасауға барып, содан үйіне оралмаған. Анастасия құрбысының үйінен түн ішінде сағат 23:30-да шыққан. Оқыс оқиғадан соң қызды іздеу шараларына 50 ерікті, кинологтар, полиция қызметкерлері кіріскен еді.

Соңғы жаңалықтар