Алматыда джиу-джитсудан ауқымды турнир өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Есірткімен күрестің халықаралық күні және полиция күніне орай балалар мен жасөспірімдер арасында джиу-джитсудан турнир өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жарысқа 8-13 жас аралығындағы жүзден астам джитсер қатысты. Олардың арасында Азия, әлем чемпиондары мен халықаралық жарыс жеңімпаздары бар. Олар жасына және салмағына қарай бірнеше клуб атынан қатысты.

Ашылу салтанатында Алматы қалалық спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов, есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Ерлан Алмағамбетов және әлемнің екі дүркін чемпионы, боксшы Назым Қызайбай сөз алып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.



Турнир ұйымдастырушылары - қалалық әкімдік, Алматы полиция департаменті және «Sagadat Batyr - QTT» спорт клубы.



«Біздің клуб осыған дейін бірнеше рет халықаралық жарыстарды өткізген, десе де, полициямен бірге бірінші рет ұйымдастырып отырмыз. Барлығы жоғары деңгейде өтті, ата-аналар дән риза болды. Біздің басты мақсатымыз - жастарды спортқа және салуатты өмір салтына баулу және джиу-джитсу спортын насихаттау», - деп атап өтті «Sagadat Batyr - QTT» клубының жаттықтырушысы Нұрсұлтан Орынбасаров.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар медальдар мен грамоталарға ие болды.



«Жарыс ойдағыдай өтті. Бұл - менің алғашқы турнирім. Қарсыластар өте мықты болды, бірақ мен соған қарамастан екінші орынды жеңіп алдым. Өте қуаныштымын. Келешекте әлем чемпионы болғым келеді», - дейді жарыс қатысушысы Никита Демидов.

Айта кетейік, Қазақстанда полиция күні - 23 маусымда, ал Есірткімен күрестің халықаралық күні 26 маусымда атап өтіледі.

Соңғы жаңалықтар