Алматыда Достық үйінде тұңғыш кинобал өтті (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Достық үйінде тұңғыш кинобал өтті. Қайырымдылық шарасын Қазақстан халықтары Ассамблеясының орыстар қоғамы ұйымдастырды.

Достық үйіне жиналған 100-ден астам адам Қазақстанда тұрып жатқан 130 этностың ұлттық билерін лезгинка, орыс кадрилиясы, грек биі, вальс, қара жорға биін биледі. «Бұл достықтың мерекесі болды. Біз бұл шараға осы достығымыздың арқасында бір тиын да жұмсамадық. Керісінше ұйымдастырылған шарадан азын-аулық қаржы жинап, оны мәдени дамуымызға бағыттайтын болдық. Ол қаржыға ұлттық костюмдер тігілетін болды. Шын мәнінде бүгін Қазақстан халықтарының арасындағы татулық пен ынтымақтың баға жетпес байлық екені анық», - деді ұйымдастырушылардың бірі Ольга Нагаева. Қазақстанның еңбек сіңірген бишісі Николай Жук пен Вера Ляховская «Держи Кармен шире» композициясын ұсынды. Сондай-ақ, көпшілік Алматыдағы оқушылар сарайы өнерпаздарының, «Сюрприз» би ансамблінің өнерін тамашалады.Аты айтып тұрғандай, аталған шара тек би мерекесі болған жоқ. Мұнда Қазақстанның жаңадан тәй-тәй басып келе жатқан режиссерлерінің «Джульетта на пенсии» фильмінің тұсаукесері өтті. Аталған туынды бұған дейін Загреб пен Нью-Йоркте өткен еуразиялық кинофестивальдерде жүлделі орын алған болатын. Сондай-ақ, жиылған қауым назарына Қазақстандағы орыстар қоғамының екі бейнебаяны ұсынылды. Бір туындыда «Аквафон» тобы Қазақстанға деген махаббатын жеткізсе, екіншісінде Ресейдің 83 қаласына әнмен саяхат жасалған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бейнебаянға қазақстандық рекордтар кітабы КИнЭС қызығушылық білдіріп отыр. Өйткені, бұл 83 қаланың аты аталған тұңғыш клип.

Соңғы жаңалықтар