Алматыда дизель отынымен жүретін атвобустарды сатып алуға тыйым салынбақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Экология министрлігі Алматыда жанармай стансаларын бақылауды күшейтіп, дизель автобустарын шектеуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы онлайн жиын барысында ҚР Экология, геология, табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлпыхар Жолдасов айтты.

«Қоғамдық көліктерді метан газына көшіру жұмыстарын жалғастыру керек. Биыл 500 автобус болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 2000-ға жетуі тиіс. Сонымен қатар, дизель отынымен жүретін автобустарды сатып алуды заң бойынша шектеу керек. Жанармай құю стансаларында 4 және 5 экологиялық класқа жататын жанармай ғана сатылуын қадағалау керек», - деді Зұлпыхар Жолдасов.

Қаланың экологиямен байланысты мәселелерін шешуге бағытталған Жол картасын әзірлеуге байланысты экологиялық белсенділер бас қосқан.

Спикер осы мақсатта автокөліктерді техникалық бақылаудан өткізетін орталықтардың жауапкершілігін арттыруды ұсынды.

«Мәселен Еуропа елдерінде экологиялық талаптарға сай келмейтін авткөліктердің жүруіне рұқсат бергені үшін техникалық бақылау орталықтары жауапты болады. Бізде техникалық орталықтардың жауапкершілігі тиімді қарастырылмаған. Олардың жұмысына бақылау жоқ», - деді Зұлпыхар Жолдасов.

Бұған дейін комитет төрағасы Алматының экологиялық ластануына қатысты мәліметтерді жариялаған болатын.


Соңғы жаңалықтар