Алматыда діндар әйелдер құрақ көрпе тігуді үйренді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 29 діндар әйел тігін курсын тәмамдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай шараны Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығы» ұйымдастырды.

«Курсты өткізудегі мақсатымыз - үй шаруасымен айналысатын нәзік жандар үшін қосымша табыс көзі ретінде әртүрлі киім үлгілерін, қыз жасауына қажетті көрпешелер тігіп, тапсырыс қабылдап, алдағы уақытта өз кәсібін ашуына ықпал жасау. Олар әртүрлі формадағы құрақ түрлерін үйреніп, өз қолымен көрпеше тігіп шықты. Бұл бір жағынан әйелдерді қоғамдық өмірге психологиялық, экономикалық тұрғыдан бейімдесе, екінші жағынан ұлттық құндылықтарға жақындастырып, ой-пікірін өзгертуге ықпал етеді», - дейді теолог Назерке Жетпісбайқызы.

29 әйелге құрақ құрауды Алматы қаласы орталық мешіті жанынан ашылған тігін үйірмесінің ұстазы Сандуғаш Сәрсенбайқызы және «Рыскүл» жеке шеберханасының маманы Айнұр ханым үйретті.

Бірнеше күнге созылған курстан соң әйелдерге арнайы сертификат табыс етілді.

Қатысушылар осындай сұранысқа ие кәсіпті үйренуге көмектескен «Кеңес беру және оңалту орталығының» басшылығына алғыс айтты.

Олар оқыту барысында үйренгендерін әрі қарай жалғастырып, күнделікті тұрмыста қолдануға ниетті екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар