Алматыда денсаулыққа қарай 5 сәтті қадам жасалды

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алматыда ҚР ДСМ бастамасымен ұйымдастырылған «Денсаулыққа қарай 7 қадам» марафонының 5 қадамы бойынша іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің маманы Ләйла Кеңесбаева айтты.

Қазіргі таңда Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасымен аталған қадамдар бойынша жүргізілетін шаралардың жоспары бекітілді. Сәуірдің 5-іне дейін отбасын құруды, сәби сүюді жоспарлау, босануға дайындық, дені сау ана, дені сау бала мектептерінің жұмысы алға қойылып, профилактикалық шаралар ұйымдастырылып келеді.

«Наурыздың 12-сінен бастап дөңгелек үстелдер, онкодиспансерде ашық есік күндері, түрлі акциялар, спорттық шаралар, дәрігерлердің тегін қабылдаулары өткізілді. Ал наурыздың 27-сінен 7 сәуірге дейін әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларды, балалар үйінің тәрбиеленушілерін профилактикалық тексеруден өткізу жүргізіліп жатыр», - деді ол.

Қалалық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Гүлсара Сүлейменова бұл марафонның тұрғындардың денсаулығын жақсартуда маңызы зор екендігін айтады.

«Мұндай ауқымды шараның басты мақсаты - адамдардың өзінің денсаулығына деген әлеуметтік жауапкершілігін арттыру болып табылады. Әр адам ауырмаудың жолын іздеп, салауатты өмір салтын ұстануы керек. Марафонның әр қадамы әр жас санатындағы адамдардың денсаулығын жақсартуға бағытталған. Бұл жерде бала мен ана, отбасы, қарттар да елеусіз қалмаған», - дейді Гүлсара Сүлейменова.

Соңғы жаңалықтар