Алматыда денсаулық сақтау жəне білім беру ұйымдары халық алдында жария есеп беретін болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы денсаулық сақтау жəне білім беру ұйымдары халық алдында жария есеп беретін болды. Мұндай талапты қала әкімі, әрі «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Байбек бүгін өткен саяси кеңес бюросының отырысында қойды.

Әкімнің айтуынша, денсаулық сақтау мен білім беру салаларында жемқорлыққа қатысты қала тұрғындарының наразылығы өте жоғары. «Осы екі сала бойынша халықтың наразылығы көп. Бас дәрігерлерге кіру менің кабинетіме кіргеннен де қиын. Ешқандай қолдаусыз ауруханаларға түсудің өзі қорқынышты. Мектеп директорлары да жағымпаз ата-аналардың қолымен ақша жинауын жалғастырып жатыр. Ата-налар бірдеңе айтудан қорқады», - деді қала әкімі. Әкімнің орынбасары Зәуреш Аманжолованың айтуынша, 1 қазан мен 1 қараша аралығында барлық білім беру мекемелерінде қосымша ақша жинауға қарсы акция өтеді. Осындай құқықбұзушылыққа жол бергені үшін жақында №60 мектеп-гимназиясының директоры қызметінен айрылған. «Бұл екі салаға халықтың сыны зор. Талабы қатты. Өйткені, бұл салалардың халыққа берері көп. Биыл іс жүзінде жұмыс жасамайтын мұғалімдер үшін ақша алып отырған 5 мектеп директоры қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олар №6, №146, №172, №184, №105 мектеп директорлары. Сондай-ақ Алатау аудандық білім бөлімінің басшысы да бар. Денсаулық сақтау саласына келсек, бақылау органдарымен 5 басшы қызметінен алынды. Оның екеуі бойынша әлі қылмыстық тергеу жалғасып жатыр. Адамдар көбіне тіркеу бөлімінің жұмысына, дәрігердің қабылдауын ұзақ күтуге тура келетіндігіне наразылық білдіріп отыр», - деді Зәуреш Аманжолова. Қала əкімінің орынбасары Зəуреш Аманжолованың баяндамасынан соң мемлекеттік мекемелерде кіріс жəне шығыс есебі туралы жаңа талап енгізілді. Енді əр емхананың бас дəрігері, мектеп директоры, балабақша меңгерушісі тұрғындар мен ата-аналар алдында есеп беруге міндеттеледі. Қала әкімі айтқандай, алматылықтар осы құрылымдарға бюджет тарапынан бөлінген қаражаттың қалай, қайда жұмсалып жатқанын білуі тиіс. Бауыржан Байбек 1 қарашаға дейін жауапты тұлғаларға атқарушы органдар мен салалық құрылымдардың қызметіндегі тиімділік, ашықтық және есеп беруді жақсартудың жол картасын қабылдап, бекітуді тапсырды. Әзірге бұл бастама халықтың басым көпшілігінің наразылығын тудырып отырған денсаулық сақтау және білім беру салаларынан басталады. Кейін барлық құрылымдар халық алдында БАҚ арқылы есеп беретін болады.

Соңғы жаңалықтар