Алматыда денсаулық сақтау саласына қосымша 1 млрд. теңге бөлінді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда денсаулық сақтау саласына қосымша 1 млрд. теңге бөлінді. Қаржы салалық және жас мамандарды қолдауға жұмсалатын болды. Бұл туралы медицина қызметкерлерін мерейлі мерекесімен құттықтау салтанатында қала әкімі Ахметжан Есімов мәлім етті.

«Жақында бұл мәселе қалалық мәслихатта қарастырылды. Алдын-ала ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбековамен кеңестім. Кеңесе келе, денсаулық сақтау жүйесінде тер төгіп жүрген салалық мамандар мен жас мамандарды қолдауға 630 млн. теңге бөлуді жөн деп шештік. Ал қалған 370 млн. теңге Алғабас ауылында медициналық қызметкерлерге арнап салынатын жатақхананың құрылысына жұмсалмақ», - деді қала әкімі А. Есімов. Шаһар басшысы Алматының денсаулық сақтау саласын көпқырлы, көпфункционалды жүйе ретінде қарастыруға болатынын жеткізді. «Медицинадағы оң бастамалар, тың жаңалықтар Алматыда жүзеге асырылып жатыр. Алматы еліміздің медициналық туризм астанасына айналып келеді. Мұнда 30 мыңға тарта дәрігерлер еңбек етуде. Бұл дегеніңіз еліміздегі әрбір 5-ші дәрігер, әр 11-ші медбике Алматыда жұмыс істеп жатыр деген сөз. Қалада соңғы 4 жылда 15 денсаулық сақтау нысаны енгізілген. 2012 жылдан бастап қаржыландыру көлемі 20 пайызға, 57 млрд. теңгеге артты», - деді А.Есімов. Сондай-ақ қала басшысы Әуезов ауданында «Жетісу-3» тұрғын үйінен аумағы 4,7 мың шаршы метрді алатын емхана ашылатынын атап өтті. Аталған нысанның құрылысына 517 млн. теңге қарастырылған. Жаңа мекеме 1 ауысымда 350 адамды қабылдайтын болады.

Соңғы жаңалықтар