Алматыда Денсаулық басқармасының экс-басшысының ісі басқа сотқа жолданды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда №2 Медеу аудандық сотында қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Серікбол Мусиновтің ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айыпталушының қорғаушысы істі Бостандық аудандық сотына жіберуді сұрады.

«Қылмыстық іс қылмыс орын алды деген жерде қаралуы тиіс. Егер құқықбұзушылық бірінші сотқа тиесілі аймақта басталып, екінші сотқа тиесілі аймақта аяқталса, іс аяқталған территорияға қарайтын сотта қаралуы тиіс. Қалалық прокуратура қылмыс басталған жерді нақты көрсетіп тұр - қалалық прокуратураның ғимараты. Аяқталған жері - прокуратура ғимаратынан тыс, осы жерде 5 мың доллар көлемінде пара берілген», - деді адвокат.

Сотталушы өзінің қорғаушыларының өтінішін қолдайтынын жеткізді.

Ал, мемлекеттік айыптаушы аталған өтінішті қабылдамай, істі қарауды Медеу аудандық сотына қалдыруды сұрады.

Судья қылмыстық істі №2 Бостандық ауданына бағытау туралы шешім шығарды.

«Прокуратура Бостандық ауданы территориясында орналасқан. Уағдаласқан 25 мың доллардың қалған сомасы 5 мың АҚШ доллары прокуратура ғимаратының жанында берілген», - деді судья Тұрсынхан Салықов.

Еске салайық, Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Серікбол Мусиновқа қатысты пара берді деген күдікпен іс қозғалған болатын.

Басқарма басшысы қызметінен 2018 жылы 20 қыркүйекте босатылды.

Ол қалалық басқарманы 2017 жылдың қарашасынан бері басқарып келген еді. Қызмет жолын Шығыс Қазақстан облысы Аягөз аудандық ауруханасында интерн-дәрігер болып бастаған. Әр жылдары Семей облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, Астана қаласы Фармацевтикалық бақылау басқармасының басшысы, Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

Соңғы жаңалықтар