Алматыда демалыс күндері полиция кезекшілігі күшейтіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының Алмалы аудандық полиция қызметкерлері халық көп шоғырланатын жерлерде енгізілген шектеулерді сақтау бойынша кезекшілікті күшейтеді. Бұл туралы онлайн брифинг барысында аудан әкімі Бекқали Торғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше Қазақстанда, оның ішінде Алматыда эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында қосымша шаралар қабылданды.

Осыған байланысты, Алматы қаласының Алмалы ауданында алдағы демалыс күндері, яғни 20-21 маусымда барлық сауда, ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда үйлері, базарлар, супермаркеттер, фитнес орталықтардың жұмысы тоқтатылады. Дәмханалар мен мейрамханалар тек қана санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, жазғы алаңдарда ғана жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ саябақтарға, жағалауларға баруға тыйым салынады. Қоғамдық көліктің, оның ішінде қала маңындағы маршруттардың жұмысы тоқтатылады.

«Алмалы ауданында 4 сауда, ойын-сауық орталығы, 18 сауда үйі, 7 сауда орталығы, 6 базар, 43 фитнес-орталық, 1 саябақ, 22 тынымбақ, 5 бульвар, 15 жасыл аймақ, 1 бөлу аймағы бар. Қызметі тоқтатылған барлық нысандарда санитарлық-алдын алу және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіледі. Алматылықтарға қала бойынша жүруді шектеуді, әсіресе сырқаттану қаупі қарт адамдарға төніп тұр, сондықтан үйде болуға кеңес береміз. Қала тұрғындарынан осы бағыттағы шараларға түсіністікпен қарауларын сұраймыз», - деді Бекқали Торғаев.

Айта кету керек, 18 маусым күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысы өтті. Онда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша шаралар қабылданды.

Осыған байланысты Алматы қаласының әкімі карантиннің күшейтілуіне қатысты мәлімдеме жасаған еді.


Соңғы жаңалықтар