Алматыда ДДСҰ ресми кеңсесі ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының кеңсесі ашылды. С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінде өткен салтанатты ашылуға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Салидат Қайырбекова, ДДСҰ Еуропа аймақтық бюросының директоры Жужанна Якаб, қала әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова қатысты.

Швейцарияның Женева қаласында өткен дүниежүзілік денсаулық сақтау Ассамблеясының 67-сессиясында ҚР Үкіметі мен ДДСҰ өкілдігі Алматыда ДДСҰ-ның алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша қашықтағы кеңсесін ашу туралы келісімге қол қойған болатын.

ДДСҰ өкілдігі С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінде жұмыс жасайтын болды.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Қазақстанда ДДСҰ офисінің ашылуы Алматыда 1978 жылы қабылданған алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша ДДСҰ декларациясының тұжырымдарын жүзеге асыруға септігін тигізетінін жеткізді.

«Айта кету керек, 2014 жылдың 15-18 қыркүйегі арасында Копенгагенде Қазақстан Франция, Мальта, Швеция елдерімен қатар 2015-2018 жылдар аралығында ДДСҰ-ның атқарушы комитетінің мүшелігіне өтуге қолдау алған болатын. Еліміз әлемдік сарапшылар тарапынан алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету бойынша көшбасшы ретінде бағаланған болатын. Қазір алғашқы медициналық көмек көрсететін мекемелерде көрсетілетін қызмет түрін кеңейтіп, қаржыны тиімді жұмсауды қамтамасыз ету, медициналық қызметкерлерді ынталандыру бойынша күрделі жұмыстар жасалуы керек», - деді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Салидат Қайырбекова.

Алматыдағы ДДСҰ офисі 54 елдің өкілдігіндегі жұмысты үйлестіріп отыратын болды.

Мұндай бөлімшенің ашылуы Еуропа аймағында енгізіліп жатқан озық технологияны меңгеріп, елдің денсаулық сақтау саласындағы интеллектуалдық мүмкіндікті қалыптастыруға мүмкіндік бермек.

Жаңа құрылым тек қана Қазақстан аймағында ғана емес, Еуропа аймағында алғашқы медициналық көмек көрсетудің дамуы бойынша зерттеу жұмыстары мен ұсынымдарды жасаумен айналысатын болады.

Соңғы жаңалықтар