Алматыда дәстүрлі исламға қатысты тарихи-танымдық кітап шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Дәстүрлі ИСЛАМ жауһарлары» атты тарихи-танымдық кітаптың тұсауы кесілді.

Жаңа басылым Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен «Дін және тарих тағылымы» жылы аясында жақында жарыққа шыққан.

Бүгін ҚР Ұлттық кітапханасы ғимаратында өткен дөңгелек үстел барысында еліміздегі қазіргі діни ахуал, «Дін және тарих тағылымы» жылында атқарылатын іс-шаралар баяндалды.

«Былтырғы «Дін мен дәстүр» жылында біраз шаралар атқарылды. Бұрын мешіт пен халық арасында байланыс болған жоқ. Мешіт өз алдына, халық өз алдына өмір сүріп жатты. Егемендік алғаннан кейін «терезені ашсаң таза ауамен бірге шаң-тозаң кіреді» дегендей, теріс ағымдар кіріп кетті. Қарсы тұратын дін мамандары аз болды.  Жастарымыз өсе келе дәстүрге қарсы шыға бастады. «Домбыраны, беташарды, сәлемді харам» деді. Осы тұрғыда былтыр дін мен дәстүрді жақындату үшін біршама іс атқарылды. Енді биылғы жылды ҚМДБ «Дін және тарих тағлымы» жылы деп жарияланған болатын. Бұл жыл аясында үлкен конференциялар мен шаралар өтетін болады. Солардың алғашқысы болып бүгін міне «Дәстүрлі ИСЛАМ жауһарлары» атты тарихи-танымдық кітаптың тұсауын кесіп жатырмыз. Өте құнды еңбек. Өскелең ұрпаққа үлкен ғибрат береріне сенімдіміз», - деді бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Айта кету керек, 3 мың данамен шыққан кітапта X-XVII ғғ. аралығындағы Қараһандықтар, Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуірлерінде жазылған діни-танымдық, діни-сопылық, діни-канондық және діни-ғибраттық туындылардың озық үлгілері жинақталған.

Соңғы жаңалықтар