Алматыда Дәркембай Шоқпарұлы туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -Алматы ҚР Ұлттық кітапханасында, Ермек Тұрсыновтың киноклубында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша  Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Ұста» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Деректі фильм белгілі қолөнер шебері, Қазақстан және КСРО суретшілері және дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  ұстаз, этнодизайнер Дәркембай Шоқпарұлының өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайды. Фильмнің режиссері Мірғалым Есіркепов.

Мәдени іс-шараға Дәркембай Шоқпарұлының туыстары мен жақындары, көзкөрген замандастары мен шәкірттері, фильмнің түсіру тобы мен «Қазақфильм» киностудиясының өкілдері қатысты.

«Мен Дәркембай Шоқпарұлының тұлғалық бейнесін тереңінен танығым келді. Сондықтан да осы фильмді түсіремін деп шештім. Ол кісіні зерттей келе, ол - алдына қойған мақсатына жетуден таймайтын, батыл әрі ақжарқын адам екенін білдім. Оның өз алдына қойған бар мақсаты - өз шеберлігін игеріп, оны дамыту ғана емес, сонымен қатар, ұлттық дәстүрді сақтап, оны шәкіртеріне, ізбасар ұсталарға үйрету еді. Кеңес заманынан бері сәндік-қолданбалы өнеріне тиесілі көңіл бөлінбейді, бейнелеу өнерінің жас саласы ретінде ғана қарастырылады. Менің бірінші мамандығым - қолданбалы өнер суретшісі. Сондықтан да, Дәркембай ұстаның жұмыстары маған жақын. Ол үшін қолданылған материалдардың көркем өңделуі, оның табиғи әдемілігінің сақтап қалынуы маңызды. Сондай-ақ ұлтымыздың көне дәстүрлі өнеріне деген махаббаты ерекше байқалады», - деді режиссер Мірғалым Есіркепов.  

«Ұста» деректі фильмі өткен жылдың соңына қарай өндіріске жіберілген. Түсірілім жұмыстары Алматы облысы Ақши ауылында өткен.
null

Дәркембай Шоқпарұлы өмірінің соңына дейін осы ауылда тұрған және өз шеберханасын ашқан. Ақши ауылында Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер музейі орналасқан. Музейді 2010 жылы шебердің ұлы ашқан. Сондай-ақ, түсірілімдер Дәркембай Шоқпарұлы туып өскен Еңбекшіқазақ ауданындағы Казатком ауылында өтті.

Кеңес заманында Дәркембай Шоқпарұлы жойылып бара жатқан халқымыздың дәстүрлі қолданбалы өнеріне жан бітіріп, оны сақтап қалуға тырысты. Дипломдық жұмысы мен қолөнерді қатар алып жүрген ол, ауыл-ауылдарды аралап тері, ағаш, металл өңдеудің ескі тәсілдерін жазып алып, халық қолөнер шығармашылығының үлгілерін жинайды.

Он үш жасында әкесінен айырылған ол, Жетісудағы танымал қолданбалы өнер иесі - ағайын  ағасының тәрбиесінде жүріп өнерге ерте араласады. Шоқтығы биік қолөнер шеберлерінің құпия сырын меңгерген Дәркембай ұста артынан ұрпаққа мәдени мол мұра қалдырып, қазақтың дәстүрлі өнерін өз шәкірттерінің бойына сіңірді.

Соңғы жаңалықтар