Алматыда дәрі-дәрмектің жоқтығына шағым түскен жоқ – ҚР ДСМ

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Геосаяси жағдайға байланысты Алматыға дәрі-дәрмектерді жеткізу мәселесі жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұрат Мұхамедьяров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифинг барысында журналист спикерге Валидолды қалада тек орталық дәріханадан табуға болатынын айтты.

«Бүгінгі күні біздің департаментке қандай да бір дәрілік препараттардың жоқтығына қатысты шағым түскен жоқ. Білуімше, Валидолды бірнеше өндіруші бар, олар – Украина, Ресей өндірушілері. Валидол мәселесін анықтаймыз», - деді Мұрат Мұхамедьяров.

Ол сондай-ақ бұған дейін Цитрамонды жеткізуде іркіліс болғанын айтты.

«Егер препараттар болмаса, олардың аналогы бізде бар екенін айтқым келеді. Кейде белгілі бір ауруды емдеу үшін қажет белсенді заттар аралас дәрі-дәрмектердің құрамында болатын кездер болады. Сондықтан, қандай да бір препарат болмаған жағдайда, оны алмастыратын дәрі-дәрмектерді таңдау үшін емдеуші дәрігермен кеңесуді ұсынамын», - деді Мұрат Мұхамедьяров


Соңғы жаңалықтар