Алматыда цифрлық технологияларды дамыту мақсатында ІТ кеңес құрылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың ІТ қауымдастығымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кездесу барысында цифрлық технологияны дамыту мәселесі талқыланды.

Цифрлық компаниялар, онлайн сервис, электронды коммерция өкілдері осы саланың дамуы туралы ойларын әкімге жеткізді.

Видеобақылау жүйесін жасаушы Қайрат Ахметов «Алатау» арнайы экономикалық аймағында студенттік кампус салуға ұсыныс берді.

Қаржылық технолог Руслан Омаров ЖОО студенттік зертханалар салу жайын айтты.

«Жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға сапары барысында қаланың барлық саласын цифрландыруды тездетуді тапсырған болатын. Біз үшін сіздердің көмектеріңіз маңызды. Құрылатын ІТ кеңес аясында кездесіп, маңызды мәселелерге шешім іздейтін боламыз», - деді әкім.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қала басшылығы мүдделі тараптардың қызметін үйлестіріп, инфрақұрылым қалыптастыруда көмек көрсететін болады.

«Алматыда ІТ-саласының басты ресурсы — бай адами капитал бар. Программистердің мектебін ашу жөніндегі бастаманы қолдаймыз. Жалпы инфрақұрылымды дамытуға көмектесіп, барлық мүдделі тараптарды тартып, ғылыми институттар мен жоо-ның әлеуетін пайдаланамыз.

Біздің қаламыз осы саладағы әлемнің барынша инновациялы, ілгері дамыған қаласы болады және болуы тиіс. Бұл сауда басымдылығы бар экономиканың құрылымын өзгертіп, мегаполис өмірінде ІТ-қоғамдастығының үлесін кеңейтеді», - деді әкім.

Соңғы жаңалықтар