Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына қатысушыларға арналған тренингтер басталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «Алматы» телеарнасындағы Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирінде мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша аумақты абаттандыру мүмкіндігі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бюджетке қатысу» жобасы бойынша 8 ауданның әрқайсысына қала бюджетінен 800 млн теңге бөлінеді. Жобаның жалпы сомасы 6,4 млрд теңге. Бір жобаның максималды құны 58,3 млн теңгеден аспауы тиіс.

Жобаға қатысу үшін 1 қазанға дейін budget.open-almaty.kz сайтында қалалық ортаны дамытудың идеясын ұсыну қажет. Егер бұл бастама басқа тұрғындардың дауысымен қолдау тапса, ол қалалық бюджет есебінен жүзеге асады.

«Бұл ретте, жобаға қатысушылардың дайындық жұмыстарының сапасын арттыру үшін,13 қыркүйектен бастап «Бюджетке қатысу» бойынша тегін онлайн-тренингтер Uyumdasu Participatory Budgeting әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылады.Тренингке «Open Almaty» сайтындағы сілтеме бойынша тіркелуге болады»,- деді Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, «Бюджетке қатысу» жобасы Алматыда екінші жыл жүзеге асырылып жатыр. 23 тамыздан өтінім қабылдау басталды. Екі жыл ішінде саябақтарды, скверлерді, аулаларды абаттандыруға, сондай-ақ көпшілік пайдаланылатын жерлерді жарықтандыруға және жөндеуге жалпы құны 7,3 млрд теңге болатын 322 жоба (2020 ж. - 49 жоба, 2021ж. - 273 жоба) іске асты.

«Алдағы уақытта «Бюджетке қатысу» жобасы аясында қаржыландыруды көбейтіп қана қоймай, шеткі аймақтар үшін жобаларды іріктеу процедураларын одан әрі жетілдіру жоспарда. Осылайша тұрғындардан жыл бойы ұсыныстар жинау көзделген»,- деді әкім.


Соңғы жаңалықтар