Алматыда БҰҰ комитетінің Азия мен ТМД елдеріндегі өкілдігі ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда БҰҰ-ның «Адам құқығын қорғау халықаралық комитеті» қауымдастығының өкілдігі ашылды.

Ашылу рәсіміне Комитеттің Әзербайжан, Грузия, Корея, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және тағы басқа бірқатар алыс-жақын шет елдерінің уәкілдері қатысты. Шара барысында БҰҰ-ның Адам құқығын қорғау халықаралық комитетінің Париждегі әкімшілік кеңесінен арнайы келген Әнуар Ниязов Өкілдік президенті Әбен Нұрмановқа дипломатиялық төлқұжат пен дипломатиялық корпус белгісі бар автокөлік және оның техникалық құжаттарын, жүргізушілік куәлігін табыс етті.

«БҰҰ-ның Адам құқығын қорғау халықаралық комитетінің Өкілдігін ашу туралы өтініш Қазақстанның Әділет министрлігіне 2 жыл бұрын берілген болатын. 2013 жылы 24 қыркүйекте «Адам құқығын қорғау халықаралық комитеті» қауымдастығының Әкімшілік кеңесінің қаулысымен бекітілген Қазақстандағы Өкілдіктің ережесі 2014 жылдың 29 желтоқсанында ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу комитетінде тіркелді. Бұл бұрынғы кеңестік кеңістікте ашылып отырған алғашқы Өкілдік болып отыр. Кеңсесі Алматы қаласында орналасатын бұл Өкілдіктің алдағы уақытта Қазақстанның барлық облыстарында уәкілдері қызмет жасайтын болады. Өкілдік сондай-ақ, Қазақстан ғана емес Жапония, Корея, Қытай, Моңғолия және Орталық Азия мен ТМД елдеріндегі уәкілдеріне жетекшілік етеді», - дейді Адам құқығын қорғау халықаралық комитетінің өкілі Әнуар Ниязов. Оның айтуынша, БҰҰ-ның бұл комитеті саясатқа және тағы басқаларға араласпайды, тек адам құқығын қорғаумен айналысады. Ол ұлтына, нәсіліне, азаматтығына қарамастан кез келген адамның өз құқығының қорғалуын қамтамасыз етіп, түсіндіру жұмыстары бойынша түрлі семинар, тренингтер ұйымдастырады.

Ал «Адам құқығын қорғау халықаралық комитеті» қауымдастығының Қазақстандағы Өкілдігі көмекке мұқтаж еуропалық және әлемдік заңды тұлғалардың сұрақтарына қатысты көмектесіп, адам құқығы туралы жалпыға бірдей Декларацияда және осындай сипаттағы халықаралық хартияларда жазылған идеяны тұрғындар арасында тарату, гуманитарлық және қайырымдылық акцияларын жүзеге асыру мақсатында жұмыс жасау, бұқаралық ақпарат құралдары, баспа беттері және электронды жүйе (Интернет) көмегімен адам құқығы үшін күресте жетістікке жеткендерді құрметтеу, елеуді керек ететін тұлғалар және ұйымдар туралы ақпарат тарату, қаржылық және кеңестік қолдау бойынша қызмет көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар