Алматыда бүгін өтетін түнгі веложарыстың уақыты өзгертілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін өтетін түнгі веложарыстың уақыты өзгертілді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Спортсүйер қауымға межеленген жерге алдында хабарланған уақыттан жарты сағат ерте жиналу қажет», - дейді баспасөз қызметі. Түнгі веложарыс 4 шілде күні кешкі сағат 21:30-де әл-Фараби даңғылы мен Тәттімбет көшесінің қиылысынан басталады. Осы жерден жарыс жолына шыққан велошабандоздар әл-Фараби даңғылының бойымен батысқа қарай қозғала отырып6 Сырғабеков көшесіне дейін барады да (тұспал - Бағанашыл ықшам ауданына бұрылыс) сол жерден кері бұрылып, әл-Фараби даңғылының бойымен шығысқа қарай жарысады. Сөйтіп, «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешенінің алдындағы мәре сызығынан өтеді. Жарысқа қатысушылар 4 шілде күні кешкі сағат 21.00-да әл-Фараби даңғылы мен Тәттімбет көшесінің қиылысына жиналулары тиіс. Жарыс түнгі уақытта өтетін болғандықтан, ұйымдастырушылар қатысушыларды өздерімен бірге катафот, қолшам секілді жарықдиодты құралдар алып келуге шақырады. Сондай-ақ қатысушылар киімдері мен велосипедтерін жарық шағылыстыратын заттармен (мысалы, арнайы ленталар және қолға байлайтын шүберектермен) жарақтандырулары тиіс. Одан басқа, ұйымдастырушылар жарысқа шығар алдында қатысушылардың барлығына жарық беретін білезіктер тарататын болады. Жарыста жеңіске жеткендер ғана емес, сондай-ақ киімі мен велосипедін жарық шағылыстыратын бұйымдармен ерекше әсемдеген велошабандоздар да естелік жүлделер және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Веложарыстың өтуіне байланысты 4 шілде күні кешкі сағат 21:00-ден 23:00-ге дейін қалада көлік қозғалысына өзгеріс енгізіледі. Осы уақыта аралығында әл-Фараби даңғылы мен Тәттімбет көшесінің қиылысынан бастап әл-Фараби даңғылы мен Ремизовка көшесінің қиылысына дейінгі аралықтағы көлік қозғалысы жартылай шектеледі. Сондықтан ұйымдастырушылар қалалықтарды осы күні өздерінің жүрер бағыттарын алдын ала жоспарлап алуларын сұрайды.

Соңғы жаңалықтар