Алматыда BRT желісіне 18 метрлік автобустар шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек бүгін жұмыс сапары кезінде BRT желісіне жаңа бағыттар бойынша шығатын сыйымдылығы жоғары 18 метрлік автобустарды көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жолаушылар ағынының артуына орай BRT желісінде №205 жаңа бағыт ашылды, мұндағы көлік Мұстафин - Рысқұлбеков - Сүлейменов - Жандосов - Тимирязев - Желтоқсан (кері бағытта Наурызбай батыр) - Төле би көшелерін, Шығыс айналма жолын және «Жетісу» базарын қамтиды.

Бұл бағыт бойынша қызмет көрсету үшін 30 жаңа көлік әр 5 минут сайын жолға шығып отырады. Төмен еденді автобустардың сыйымдылығы 180 адамнан асады. Көліктер кондиционерлермен, видеобақылау камераларымен, еңкейгіш кузовпен жабдықталған. Әрі экологиялық стандарттарға сай Евро-5 жанармайымен жүреді.

18 метрлік автобустың төрт есігінің әрқайсысына «ОҢАЙ» терминалы орнатылған.

«Қала басшылығының қоғамдық көліктегі сервис сапасын арттыруға қатысты тапсырмасына орай қазірдің өзінде 600 жүргізуші біліктілік Орталығында кәсіби шеберліктерін жетілдіруде. Жол ережесі және күйзелістің алдын алу, алғашқы медициналық көмек көрсету, жолаушыларға мәдениетті қызмет көрсету бойынша тренингтер өтуде», - деді Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов.

Қаланың Көлік холдингінің басшысы Садир Хамраевтың ақпараты бойынша өткен қазан айында «ОҢАЙ» картасы бойынша  31 миллион транзакцияланған. Бұл осы уақытқа дейінгі рекордтық көрсеткіш.

Айта кетерлігі, жыл аяғына дейін Алматыда қоғамдық көліктің үлесі 87 пайызға жететін болады. Өткен аптада қалаға тағы 200 жаңа автобус келген болатын.

Соңғы жаңалықтар