Алматыда брендті сөмке мен киімдердің көшірмелері тәркіленді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының сауда орындарынан белгілі әлемдік брендтердің көшірме киім-кешектері, заттары тәркіленді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы бөлімінен хабарлады.

Департаменттен мәлім еткендей, заңсыз жасалған көшірмелер сауда нүктелерінен шағым түскен жағдайда ғана алынады. 2018 жылы түскен арыздар негізінде бірқатар белгілі маркалардың заңсыз жасалған тауарлары тәркіленді. Олардың арасында киім-кешектер, сөмкелер, автобөлшектер, кәріс косметикалары, азық-түлік тауарлары бар. Атап айтқанда, «Louis Vuitton», «CHANEL», «HERMES» сөмкелері, «NATURE REPABLIC», «RUBELLI», «BOSNIC», «MISSHA» кәріс косметикасы, «Hyundai», «KIA», «СTR»,«SKF», «Тойота»/ «Лексус» автобөлшектері, «StarLine» автомобиль сигналдары, «Mobil» мотор майлары, «Volkswagen» фильтрлері, «Ferarri» спорт киімдері, «Colgate» тіс пасталары, «MAPED» фломастерлері, «Schneider Electric», «SCHÜСO», «Samsung GALAXY S», «SAMSUNG», «LEVI'S», «501» джинсы, футболкалар, сондай-ақ «Зорькин луг» сүті, «Amoy» соусы саудадан шығарылды.

Департамент бұл деректер бойынша 45 әкімшілік іс қозғады. Заңсыз айналымнан салмағы 2 тоннаға жуық, құны 13 млн 270 мың теңге болатын 12 839 зат тәркіленді.

Алматы ауданаралық әкімшілік соты заңды тұлғаларды ҚР ӘқбК 158-бабы бойынша жауапқа тартып, 2 млн 991 мың 820 теңге айыппұл салды.

«Тіркелген тауар белгісінің иесі бұл белгіні тек өзі пайдаланып, қолдануға құқылы. Қазақстан территориясында бұл белгілерді ешкім иесінің рұқсатынсыз пайдалана алмайды. Әділет органдары Қазақстандағы Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын қолданысқа ала отырып, тауар белгілері иелерінің құқығын сақтауды бақылауға алады. Тауар белгісінің иесі бізге шағым айтпайынша, тауарды заңсыз айналымнан алуға құқымыз жоқ. Шағымнан соң ғана көрсетілген сауда орнынан тәркілеп аламыз», - деді Әділет департаментінің ресми өкілі Әсемгүл Батыргереева.

Соңғы жаңалықтар