Алматыда Ботаникалық бақ реконструкциядан кейін қайта ашылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда бір жылдан аса уақыт жабық тұрған Ботаникалық бақ реконструкция жұмыстарынан соң қайта ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Реконстуркция жұмыстары маусымның ортасында аяқталмақ. Қазір оңтүстік партердегі жүргінші жолдарды және жанама аумақта өтетін оңтүстік кіреберіске дейінгі көлік жолы салынып, өсімдік отырғызылып, бақша жиһазы орналастырылып жатыр.


«Жобаны жүзеге асыруда біз үш негізгі принципті басшылыққа алдық. Біріншісі – бақтың өсімдіктеріне күтіп қарау, Ботаника және фитоинтродукция институтының қызметкерлерімен бірлесіп оның жасыл қорын сақтап қалу және көбейту. Екіншісі – шын мәнінде жайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістік құру үшін, дизайнында, сәулетінде және инфрақұрылымды жоспарлауда үздік тәжірибе мен талдауды қолдану, экологиялық, жоғары сапалы құрылыс материалдарын пайдалану. Үшіншісі – жобаның ашықтығы және есептілігі, оның ішінде, қоғамдық талқылауды өткізу мен әлеуметтік желі арқылы қаланың белсенді тұрғындарымен әрі экологиялық ұымдармен қайта құру жұмыстары бойынша диалог құру», - деді Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Айтмағамбетов.


Қайта құру аясында бақта 174,3 мың жаңа өсімдік отырғызылды. Оның ішінде сирек түрлер мен сұрыптар бар. 1 300-ден астам жаңа тал (балқарағай, боз арша, шие, алма, алмұрт, қараөрік, емен, үйеңкі, қайын, жөкенің түрлері), 40 мың бұта, 130 мың көпжылдық гүл, 3 мың раушан отырғызылды. Ерекше айтатын «Шантеклер» алмұрты, магнолияның бірнеше сорты, Бонсай ағаштары секілді эксклюзивті ағаштар отырғызылған.


Қызыл жапырақты «Роял Ред» үйеңкісі де бірінші рет Еуропадан тыс жерде тұңғыш рет Алматы ботаникалық бағынан орын тепті.

«Жобаны іске асыру процесінде ағаштарды, бұталар мен көпжылдық өсімдіктерді таңдау негізгі екі принципке негізделді. Біріншіден, оларға максималды мәдени-ландшафттық тартымдылық беру үшін қоғамдық аймақтарда парк-ландшафттық экспозициялар қалыптастыруға тырыстық. Түрлер мен сорттарды таңдау кезінде, өсімдіктердің Алматы қаласының жоғарғы жағының табиғи-климаттық шарттарына талаптары ескерілді. Екіншіден, үшін жаңа түрлер, сорттар мен нысандар іріктеу кезінде Ботаникалық бақтың жетекші мамандарының ұсыныстары есепке алынды», - деді Қайта құру жобасының консультанты Игорь Глуховцев.


Бақтың аумағында сумен жабдықтау жүйесі түбегейлі қайта құрылды. Әрқайсысының қуаттылығы сағатына 40 текше метр екі жаңа артезиан ұңғымасы бұрғыланып, бұрыннан бар екі ұңғыманың өткізгіштік қабілеті сағатына 20 текше метрден 25 текше метрге дейін ұлғайтылды. Әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағында ағатын Кереңқұлақ өзенінен су жинағыш тартылды. Өзеннен баққа тәулігіне 600 текше метр су келетін болады. Су ұзындығы 13 шақырым болатын жаңа арық желісімен келеді. Сонымен қатар, бақта тамшылатып суару және автоматты суару жүйелері тартылған.

Бұрынғы бір кіреберістің орнына үш жаңа кіреберіс павильон тұрғызылды. Келушілер баққа Тимирязев көшесінен, «Атакент» көрме орталығынан, сондай-ақ Әл-Фараби даңғылынан кіре алады. Барлық павильондар табиғи материалдардан жасалған, оларды электрондық билет бері жүйесі және туристік қоғамдық орындарға тән инфрақұрылым – кәдесый дүкені, шағын кафетерий, дәретхана орнатылған.

Бақтың жоғарғы бөлігінде, алаңқайдың орнында перголамен және жағасындағы шезлонгтармен бірге үш көркем тоған және өте әдемі алуан шөпті өрісі бар Оңтүстік партер құрылған. Бірнеше жылдан соң үйеңкі, жөке және қарағай көшеттері саялы аллеяға айналады.

Ботаникалық бақтың бүкіл аумағында жалпы ауданы 50 мың шаршы метр болатын жол жасалды. 10 мың шаршы метр болатын жаяу жолдар Қазақстанда қоғамдық аймақтарда тұңғыш рет қолданылған неміс технологиясы бойынша экологиялық жабыннан жасалған. Партерлерде және жолдардың бойында 250 жаңа сәкі, ағаштың табиғи циклына бөгет болмайтын 1 500 төменді жарықтандыру шамы, сондай-ақ келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 1 300 видеобайқау камерасы орнатылған. Бақтың аумағында ыңғайлы бағдарлану және өсімдіктерді зерделеу үшін навигациялық нұсқағыштар мен ақпараттық тақтайша, сондай-ақ енді Android және iOS операциялық жүйесіндегі құрылғылар үшін қолжетімді мобильді қолданба көзделген.



Бақта жас шамасынан, әуестіктерінен және басқа ерекшеліктерінен тәуелсіз барлық адамдар, соның ішінде қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтар үшін бірдей жайлы болады. Мұнда мүгедек арбасы үшін ыңғайлы пандустар тұрғызылған, ал барлық жаяу жүру аймақтарында тактильді жол төселген, павильондарда арнайы жабдықталған дәретханалар бар.

Ботаникалық бақты қайта жасау жобасына 15 млн АҚШ доллары жұмсалған.

«Ботаникалық бақтың ерекше мәртебесі мен қайта құру жобасына жұртшылық назарының жоғары деңгейін назарға ала отырып, біз әуел бастан оның толық ашықтығын қамтамасыз еттік. Қайта құру концепциясы мен кеңістікті дамыту жоспары әлі 2018 жылдың жазында қоғамдық тыңдауларда жұртшылыққа ұсынылған болатын. Тыңдауларға қатысушылардың ұсыныстары мен тілектерін ескере отырып, сол жылдың күзінде қайта құрудың эскиздік жобасы ұсынылды. Үш рет БАҚ, қоғамдық және экологиялық белсенділердің, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдерінің қатысуымен баспасөз турлары өткізілді», - деді қор директоры Марат Айтмағамбетов.


Соңғы жаңалықтар