Алматыда бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 200 адам жұмыспен қамтылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Медеу аудандық әкімдігі бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Бұл шара аудандағы әлеуметтік климатты жақсарту мен жұмыссыздардың санын азайту, ЖОО және орта оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамтуға бағытталған.

«Жәрмеңке Алматы қаласының даму бағдарламасы мен «Жұмыспен қамту картасы-2020» аясында өткізіліп отыр. Аталған бағдарламаға сәйкес әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы мүшелеріне әлеуметтік тұрғыдан қолдау шаралары көрсетілген. Бүгін 90 шақты жұмыс беруші келді. Оларда шамамен 1000 вакансия бар. Негізінен қызмет көрсету, құрылыс, сауда, көлік, қаржы салаларының кәсіпорындары қатысып отыр. Бос орындар жәрмеңкесі қалада ай сайын өткізіліп тұрады. Қазіргі күрделі экономикалық ахуал кезінде ондай жәрмеңкелердің атқарар рөлі зор деп санаймын. Маусым айында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап, мамырда ЖОО студенттеріне арнап бос орындар жәрмеңкесін өткіздік», - деді қалалық жұмыспен қамту басқармасы басшысының орынбасары Айдынжан Нарматов. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкелердің тиімділігі өте жоғары. Егер адам күніне 1-2 компаниямен ғана хабарласатын болса, бос орындар жәрмеңкесінде бірнеше жұмыс берушімен тілдесе алады. Айта кету керек, басқарма мамандарының айтуынша, жыл басынан бері жәрмеңкелер арқылы 200 адам жұмыспен қамтылды.

Соңғы жаңалықтар