Алматыда «Боксер жолы» фильмінің тұсаукесері өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Боксер жолы» фильмінің тұсаукесері өтті. Режиссер Асқар Ұзабаев елдегі аса танымал спорт түрі - бокс туралы баяндауға тырысқан.

Киноның бас кейіпкері - өздігінен ережесіз жекпе-жек тәсілдерін үйренген қарапайым жасөспірім. Күндіз Алматының «барахолкасында» нан тапса, кешке жасырын турнирлерге қатысып жүрген бас кейіпкер уақыт өте келе шаршы алаңның өмірінде аса маңызды рөл ойнайтынын түсінеді. Бірақ үлкен алаңға көшедегі төбелестерден сытылып шығу оңайға түспейді. Бұл кино екі жыл бұрын жарық көруі керек еді. Премьераның неге кеш өткенін «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметінің жетекшісі Алмас Жұмағұлов түсіндірді. «Фильм 2013 жылы аяқталды. Бірақ монтаж барысында Геннадий Головкин түскен кадрлар пайдаланылды. Біз фильмді бірден прокатқа жібере алмадық. Авторлық құқық мәселесіне байланысты. НВО каналы Геннадийдің барлық жекпе-жектерін түсіру құқығына ие ғой. Оларға хат жіберіп, жауабын ұзақ күттік. Кейін промоутерлік компанияға хат жазып, арнайы рұқсатын алдық. Сосын кейбір техникалық мәселелер де бөгет болды», - деді А.Жұмағұлов. Басты рөлді Назар Шархан ойнады. Ол Жанна Исабаеваның «Нағима» фильмінен белгілі. Жаңа кинода белгілі актерлер Ержан Түсіпов, Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Ерболат Тоғызақов, Айнұр Ілиясова рөлдерді сомдайды. Кинотүсірілім Алматыда өтті. Бокстан жаттығу көріністері ҚазҰАУ спорт залында түсірілді.

Соңғы жаңалықтар