Алматыда бизнесті қолдауға 42,2 млрд теңге бөлінді – әкімдік

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қаржылық және қаржылық емес қолдау тетіктерінің кең жиынтығы іске қосылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімдігі таратқан мәліметке қарағанда, биыл мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында бизнесті қолдауға 42,2 млрд теңге бөлінді. Жалпы кредит сомасы 8,3 млрд теңгеге 110-нан астам жоба мақұлданды.

«Қаңтардағы тәртіпсіздіктер барысында зардап шеккен ШОБ субъектілеріне несие төлемдерін кейінге қалдыруға, ірі сауда объектілерін жалға алуға жеңілдіктер берілді, белгілі бір кезеңге коммуналдық жалдау ақысы алынып тасталды. «Almaty Business-2025» қалалық бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Зардап шеккен кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсету бөлігінде жылдық 2% мөлшерлемемен жаңа кредиттік өнім енгізілді, кепілсіз кредиттеу бойынша мөлшерлеме 12%-дан 9%-ға дейін төмендеді, Almaty Finance және Almaty МҚҰ қарыз алушылары үшін негізгі қарызды өтеу мерзімін кейінге қалдыру және айыппұлдар мен өсімпұлдардан 180 күнге дейін босату ұсынылды. Аталған қолдау шараларын іске асыруға жергілікті бюджеттен 6,3 млрд теңге бөлінді», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Алматыда әлеуметтік жобаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. 2021-2022 жылдары «Алматы» ӘКК» АҚ инвестициялар сомасы – 131 млн теңге, 72 жұмыс орнын құратын 9 жобаны іске асырды. Онда шағын өндірістік парктер де белсенді дамуда. Бүгінде 670-тен астам жұмыс орнын ашқан 8 өндірістік парк жұмысын бастады. Өндірістік парктерде тамақ, жеңіл, жиһаз және құрылыс өнеркәсібі салаларында 53 кәсіпорын іске қосылды. Алматы қаласының Индустриалды аймағында жалпы ауданы 76,5 мың шаршы метр тағы 12 жаңа өндірістік парктің құрылысы жүргізілуде, 2100-ден астам жұмыс орны ашылады. Инвестиция сомасы 8,6 млрд теңгені құрайды.

«Бизнесті қолдау және дамыту мақсатында «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығы жұмыс істейді, ол Алматы қаласындағы ШОБ-қа «бір терезе» қағидаты бойынша кеңес береді. Жыл басынан бері 28,3 мыңнан астам кеңес берілді, 500 бизнес-жоспар/жоба әзірленді, 475 млн теңге сомасына қаржыландыруға дейін 17 жобаға қолдау көрсетілді, 219 рұқсат құжаттары алынды, 2 589 тыңдаушы оқу курсынан өтті», - деді жергілікті әкімдіктен.


Соңғы жаңалықтар