Алматыда бизнесменді ұрлап 1 млн доллар бопсалағандар сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бизнесменді ұрлап, оның отбасынан 1 млн доллар бопсаламақ болғандар сотталды.

Екі ер адам қылмыстық әрекетке былтыр жазда барған.

Полицейлер бір бағыттағы Желтоқсан көшесінен жол ережесін өрескел бұзып, қарама-қарсы бағытта кетіп бара жатқан «Тойота Камри» көлігін тоқтатқан.

Көлік салонын тексере келе, полицейлер көкала қойдай болып сабалған ер адамды алып шыққан. Кейін белгілі болғандай, ол кісі бизнесмен екен. Оны жаңағы үш адам ұрлап кетіп, отбасынан 1 млн доллар талап етпек болған.

«Біздің «тоқта» деген бұйрығымызды қаперіне де ілмеген жүргізуші Пушкин көшесінің бойындағы үйлердің ауласына тығылған. Көліктегі екі жолаушы қашып кетті. Жүргізуші көрсеткен қарсылығына қарамастан, сол жерде ұсталды», - деді ІІД арнайы батальон полкінің инспекторы Елдос Әбдірахымов.

Медицина қызметкерлері жапа шегушіге дер кезінде көмек көрсетті.

Қазір қылмыс жасаған тұлғалардың кім екендігі анықталды. Қашып кеткен екі күдіктіге іздеу жарияланды. Көліктен сондай-ақ бетперде, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері, травматикалық тапанша табылды.

45 жастағы көлік жүргізушісінің бұрын да бірнеше рет алаяқтық, ақша бопсалау, есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.

Кейіннен қашып кеткен екі адам ұсталған болатын.

Алматы ауданаралық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған сотының үкімімен А.В. Ниязов мен И.Д. Тен ҚР ҚК 125-бабы, 194-бабы және 380-бабы бойынша айыпты деп танылып, олардың әрқайсысы 11 жылға бас бостандығынан айрылды.

Ал, қылмыскерлерді үйінде жасырып келген азаматтарға қатысты қылмыстық іс бөлек өндірісте қозғалды.

Айта кету керек, ҚР Президентінің жарлығымен қылмыскерлерді дер кезінде ұстаған Елдос Әбдірахымов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар