Алматыда бизнесмендерге өзін салық қызметкерімін деп таныстырған алаяқ ұсталды
2016 жылғы 28 желтоқсан 20:35

Алматыда бизнесмендерге өзін салық қызметкерімін деп таныстырған алаяқ ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қалалық МКД Ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері жалған салықшыны ұстады, бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы қаласындағы жеке кәсіпкерлердің қаржыларын бірнеше рет жымқырған Әжібеков Нұржан Шәмілұлы екендігі анықталды. Ол Сарыағашта туған, уақытша жұмыссыз, бұрын ұрлық және алаяқтық жасағаны үшін сотталған.

29 жастағы Әжібеков қараша айынан желтоқсанға дейін өзін салық органының қызметкері ретінде таныстырып, бірнеше рет алаяқтық жолмен ақша алған. Яғни, «салық тексерісі болмайды және болашақта қызметтік жағынан қолдау білдіремін» деген жалған сөздерімен Алматы кәсіпкерлерінің қаржыларын (30 мыңнан 50 мыңға дейін) иемденген. Сонымен қатар, бұл ақшалар Алматы бойынша МКД басшылығы үшін жиналып жатқанын айтқан.

Қазіргі таңда осы деректер бойынша Әжібековтің басқа да алаяқтық істерге қатысы бар-жоғын анықтауға бағытталған іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

Алаяқтың іс-әрекетінен зардап шегушілерді Алматы қалалық МКД Ішкі қауіпсіздік басқармасына хабарласуын сұрады: Жібек жолы көшесі, 127, немесе сенім телефондары: 279-29-56 және 8-701-555-00-90.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT