Алматыда бизнес-климатты жақсарту мәселелері талқыланды
2016 жылғы 5 сәуір 13:13

Алматыда бизнес-климатты жақсарту мәселелері талқыланды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бизнес-климатты жақсарту мәселелері талқыланды. Қала әкімдігінде өткен жиын барысында Қазақстанның Doing Business рейтингісіндегі көрсеткішін ілгерілету жолдары қарастырылды.

Сондай-ақ, құзырлы орган өкілдері осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен көрсеткіштер туралы баяндады.
ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов осы бағытта «ҚР бизнесті жүргізуге рұқсат процедуралары мен қағаздарын қысқарту туралы заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу» заңнамасына да бірқатар түзету енгізілгенін атап өтті.

Аталған заң аясында Қазақстанның көрсеткішін ілгерілету үшін 10 индикатордың 6-ы бойынша өзгерту көзделген. Барлығы 3 кодекс пен 7 заңға 34 өзгеріс енгізілді.

«Бұл өзгерістердің басым көпшілігі миноритарлы инвесторларды қорғауға бағытталған. Мәселен, 10 пайыздан артық дауысы бар ЖШС мүшелеріне кезектен тыс жиын ашуға болады. Атап айтқанда, «Миноритарлы инвесторларды қорғау», «Төлемқабілетсіздікті көрсету», «Несие алу», «Электр желісіне қосу», «Меншікті тіркеу», «Салық», «Халықаралық сауда» индикаторлары бойынша кезектен тыс жиын ашуға болады», - деді вице-министр.

Сондай-ақ, акционерлік қоғамның 5 пайыз акциясының иегерлері акцинерлер қоғамының жиындарында қосымша мәселелерін көтере алады.

«Жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу» туралы заңнамаға мүлікті тіркеуге кететін мерзімді тіркеуді 5-тен 3 күнге қысқарту туралы өзгеріс енгізілді.

Ендігі ретте кредиторлар борышкердің қаржылық ахуалы туралы мағлұматпен тек оңалту кезінде ғана емес, банкротқа ұшырау кезінде де таныса алатын болды.

Мамандардың айтуынша, аталған қадамдар елдегі бизнес-климатты қолайлы етуге септігін тигізбек.

Jańalyqtar

MURAǴAT