Алматыда биыл тұрғын үй секторында 325 рет өрт шықты

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жыл басынан бері (11 қарашадағы жағдай бойынша) тұрғын үй секторында 325 рет өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жалпы өрттің 55%-ы тұрғын үй секторында болады.

«Жылыту кезеңінде моншалар, сарайлар, уақытша құрылымдар және т.б. жиі жанады. Өрттің жалпы санының 21%-ы көп пәтерлі үйлерде болады. Өрттің шығу себептері – электр сымдарының қысқа тұйықталуы және тұрмыстық техниканың ақаулығы, отпен абайсыз әрекет ету. Атап айтқанда, жанып тұрған шамды қараусыз қалдыру, балконда темекі шегу, пештердің дұрыс жұмыс істемеуі (мұржаның дұрыс орналастырылмауы, пештің жанғыш құрылыс заттарымен салынуы) болып табылады. Мұндай өрт қауіпсіздігін бұзу ҚР ӘҚБтК-нің 410-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертеміз», - деп хабарлады ведомстводан.

Осы орайда, алматылық құтқарушылар тұрғындарды өрт қауіпсіздігінен хабардар етудің жаңа әдісін ойлап тапты. Пиццаға тапсырыс берген тұрғындарға тағаммен бірге өрт қауіпсіздігі туралы жаднамалар да жеткізілетін болады. Бұл идеяны курьерлік компания да қолдап отыр.

«Азық-түліктен басқа, алматылықтар көрнекі түрлі-түсті буклеттер алады. Жаднамаларда қайғылы жағдайларға жол бермеуге байланысты қысқаша нақты ұсыныстар жазылып, бейнеленген. Атап өту керек, бұл – жарнама емес, бірлескен іс-шара. Бостандық ауданының өзінде курьерлерге тарату үшін 4 мыңнан астам жаднама табысталды», - деп хабарлады Алматы қалалық ТЖД-ның баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар