Алматыда биыл тағы 600 аула күрделі жөндеуден өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі жұмыс сапары барысында қаланың көшелері мен аулаларының абаттандырылу жұмыстарын бақылап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысы Бостандық ауданындағы Гагарин көшесінің жөнделуін көрді. Алматыда биыл ұзындығы 155 шақырым болатын 157 көшені жөндеу жоспарда бар. Сонымен қатар Мақатаев, Байтұрсынов және Жароков көшелеріндегі трамвай жолдары алынған соң кешенді жұмыстар жүргізіледі.

Алматыны реконструкциялау аясында бірқатар негізгі даңғылдар мен көшелер, соның ішінде Абай, Абылай хан, Достық, Назарбаев даңғылдары қайта жасалмақ.

Басқарма басшылары қала әкіміне жыл аяғына дейін Бостандық ауданында 36 көшенің жөнделетінін, 11 қосымша бекет кешенінің орнатылатын баяндады.

Ұзындығы 7,4 шақырым болатын арық жүйесі жаңарады. 12 жер асты және 7 жер үсті өтпелі жолдарын жөндеу жоспарланған. Аудан тұрғындарының өтініші бойынша «Южный» және «Дружба» саябақтары ретке келтіріледі.

Былтыр аталған ауданда 30 аула күрделі жөндеуден өтсе, биылғы жазда 130 аула жаңарады.

«Шындығына келсек, әрқайсымыз үшін қала өз ауламыздан басталады. Көшелер мен даңғылдарды қайта жаңғыртып, алматылық аулалардың қазіргі жағдайына көз жұмып қарай алмадық. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауын және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» ескере отырып, біз бюджетті қайта қарап, оған барынша әлеуметтік негіз бердік, әрі нақтылы жобалар мен нәтижелерге бағыттадық. Егер өткен жылы біз 455 аула алаңдарын абаттандырсақ, биыл қаланың барлық аудандарында 585 аула қосымша жөнделетін болады», - деді Бауыржан Байбек.

Айта кету керек, Алматы әкімі бұрындары тротуарларды тексеруден өткізіп, жаяу жүргінші қозғалысын қиындататын заңсыз салынған құрылыстардан арылуды тапсырған еді.


фото:1tulatv.ru

Соңғы жаңалықтар