Алматыда биыл пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі артты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда 2021 жылы тұрғын үй құрылысының көлемі 8% артты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, пандемия кезеңінде пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі төмендеген жоқ, керісінше 8%-ға өсті.

Биылғы жылдың 11 айында коммерциялық құрылыс есебінен 13 322 пәтер және бюджет есебінен 1 326 пәтер пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, 10 мың шаршы метрден астам жатақхана және 2 313 жеке тұрғын үй салынды.

Алмасхан Ахмеджанов тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру – Мемлекет басшысы қойған басым міндеттердің бірі екенін айтты.

Сонымен қатар, ол жаңа тұрғын үйлер негізінен қалаға қосылған аумақтарда салынатынын, бұл «Жаңа Алматының» дамуына ықпал ететінін мәлім етті.

Қаланың бас сәулетшісі атап өткендей, жаңа тұрғын үймен бірге қалада әлеуметтік инфрақұрылым құрылып, мектептер мен балабақшалар бой көтеріп жатыр.

Қазіргі уақытта мегаполисте 12,5 мыңнан астам оқушы орнына арналған сегіз мемлекеттік мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Оның үшеуін (5 мыңнан астам орынға) жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған.

«Оқу жылының басынан бері 2 656 орынды 13 жекеменшік мектеп ашылды. Жыл соңына дейін 8 263 орынды 17 жапсарлас құрылыс салу жоспарланған болатын. Олардың 11-іне балалар партаға отырды. Осылайша, жыл соңына дейін 16 мыңнан астам жаңа оқу орны ашылады», - деді Алмасхан Ахмеджанов.

Сонымен қатар, Алматыда үш мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқталды (360 орынды), 72 жекеменшік балабақша ашылды (4,7 мың орынды).

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы – 2050» Стратегиясында белгіленген «шетсіз қала» қағидатын ұстана отырып, тұрғын үй шаршы метрлерін заманауи мектептермен, балабақшалармен және денсаулық сақтау объектілерімен бірге енгізу міндетін алға қойған болатын.


Соңғы жаңалықтар