Алматыда биыл көктем ерте шығады - Қазгидромет

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Биыл Алматыда көктем ерте шығады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына Астанадан онлайн қатысқан «Қазгидромет» РМК гидрология департаментінің директоры Әділ Ахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әділ Ахметовтың айтуынша, алдын ала болжам бойынша Алматыда көктем ерте шығады.

Наурыздың бірінші онкүндігінде ауа температурасы +2+7°С, күндіз +10+15°С дейін көтеріледі.

Орта есеппен алғанда ауа температурасы климаттық нормадан 1 градусқа жоғары болады.

«Наурыз айындағы орташа айлық температураның нормасы - 2,7 ° C, мұндай кезде наурыз айында күннің бірден жылынуы жағымсыз жағдайға жатады. Және дәл осы айда ауа температурасының қатты жоғарылау үрдісі байқалады. Мұндай кезде қыс бойы қордаланған қалың қардың бірден еру қаупі жоғары. Сондай-ақ, Алматыда жылу толқындарының қайталану жиілігі артып келеді, сондықтан қыстың соңы мен көктемнің басында ауа температурасының күрт жылынуынан қауіп артады», - деді Қазгидромет өкілі.

Әділ Ахметов Алматыда жылылық сезіліп, ауа температурасы айтарлықтай көтеріліп келе жатқанын айтты.

«1976 жылдан бастап орташа жылдық температура әр 10 жыл сайын шамамен 0,5°С-қа көтерілді. Жылдың барлық айларында температура тұрақты түрде көтеріледі. Температура ең жоғары жылдамдықпен наурызда көтеріледі - 10 жыл сайын 1,3 °С-қа, ал ақпанда - 10 жыл сайын 1,3 °С-қа көтеріледі»,- деді ол.

Спикер көршілес облыстардағы жағдайға да тоқталды.

«5 ақпанда Алматы облысының таулы аймақтарында жауын-шашын, қар жауады. Таулы және тау бөктеріндегі аудандарда тұман, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел шығысқа ауысады, облыстың оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с. 1 ақпандағы жағдай бойынша Іле Алатауының солтүстік беткейіндегі, Жетісу Алатауының өзен алаптарында ылғал жиналу кезеңіндегі жауын-шашын мөлшері орташа жылдық мәннен 15-21%-ға жоғары, ал Іле Алатауының оңтүстік беткейі мен Кетмен жотасының солтүстік беткейіндегі өзендердің бассейндерінде орташа жылдық мәндер шегінде 15-21%-ға жоғары»,- деді Әділ Ахметов.

Сонымен қатар ол Алматының оңтүстік жартысында ақпан айында жауатын жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болатынын атап өтті.

«Қардағы су қорының көлеміне, топырақтың күзгі ылғалдылығына, топырақтың қату тереңдігіне талдау жасай отырып, Алматы облысы су басу қаупі жоғары өңір ретінде алдын ала бағаланды. Гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгерген жағдайда «Қазгидромет» РМК су тасқыны қаупі туралы 2-3 күн бұрын дауылды ескертумен хабарлайды»,- дейді спикер.


Соңғы жаңалықтар