Алматыда биыл қандай спорт нысандары ашылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл соңына дейін бірқатар спорт нысаны ашылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде қалалық Спорт басқармасы басшысының орынбасары Бекжан Онжан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде қалада қолжетімді спорттық инфрақұрылым салынуда, сондай-ақ біз алматылықтарды спортпен жаппай айналысуға тартып жатырмыз. Бүгінде Алматыда 3 611 спорт ғимараты бар. Бұл – стадиондар, спорт кешендері, жаттығу орталықтары, шаңғы базалары, атыс тирлері, велотрек, секіруге арналған трамплин, хоккей корттары, конькимен жүгіру стадионы, теннис корттары, ипподром, спорт манеждері, жүзу бассейндері және тағы басқалар», - деді Бекжан Онжан.

Спикер биылғы жылдың соңына дейін Жетісу ауданында дене шынықтыру-сауықтыру (ДСК) кешендері ашылатынын хабарлады.

Оның айтуынша, ДСК-ның бірі «Кемел» шағынауданында орналасады. Онда жекпе-жек секциялары, спорттық ойындар ұйымдастырылады. Тәуліктік өткізу қабілеті – 560 адам.

Екінші ДСК «Айнабұлақ-2» шағынауданында ашылады. Онда әмбебап және жаттығу залдары, бокс және жекпе-жек залдары болады. Тәуліктік өткізу қабілеті – 564 адам.

Келесі спорт ғимараты «Құлагер» шағынауданында Қазыбаев көшесінде бой көтереді. Мұнда түрлі секциялар ашылып , су спортының түрлері дамытылады. Тәуліктік өткізу қабілеті – 894 адам.

Сонымен бірге Алматы қаласы Спорт басқармасы басшысының орынбасары үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен теннис орталығының құрылысы туралы айтып берді.

«Медеу ауданының «Алатау« шағынауданында 7 400 шаршы метр алаңда үлкен ДСК салынады. Құрылыс көлемі бойынша мұндай нысан Түрксіб ауданының «Жас Қанат« шағынауданында пайда болады. Онда су спорты түрлері бойынша секциялар, үстел теннисі, хореография сабақтары ұйымдастырылады. Алатау ауданының «Зерделі« шағынауданында бокс және жекпе-жекпен айналысуға арналған кешен салынады», - деді спикері.

Сондай-ақ 14 кортқа арналған теннис орталығы салынбақ. Онда 4 жабық және 10 ашық корт болады. Бұл қаладағы ең ірі теннис орталықтарының бірі болмақ.

Сондай-ақ осы жоба шеңберінде фитнес және қалпына келтіру рәсімдеріне арналған зал, тренажер залын салу көзделген.

Инвестициялар есебінен «My win» спорт кешені мен үстел теннисі орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, велотрек те жөндеуден өтеді.

Бекжан Онжан қаланың аудан әкімдіктері дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін орналастыру үшін қосымша алаңдар беріп отырғанын және қаладағы спорттық нысандар санының негізгі өсімі ашық спорт алаңдарын салу есебінен болып отырғанын мәлімдеді. Ал қалада бүгінде ашық спорт алаңдарының саны 2 409-ды құрайды.


Соңғы жаңалықтар