Алматыда биыл «Ескі баспана» бағдарламасы бойынша 26 жаңа үй тұрғызылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биыл «Ескі баспана» бағдарламасы бойынша 26 жаңа үй тұрғызылады. Мұндай мәліметті бүгін журналистермен кездесу барысында «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС директоры Мазан Серғазин хабарлады.

Оның айтуынша, 2013 жылы аталған бағдарлама бойынша 5 үй, 2014 жылы - 17 үй бой көтерсе, 2015 жылы 26 үй салынады.

Жалпы қалада сүрілуі тиіс ескі үйлердің саны 600-ден асады. Олардың көбі Жетісу және Түрксіб аудандарында шоғырланған.

Маманның айтуынша, үйлерді сүруде басты кедергі құжаттық рәсімдеуде болып отыр. Үйлердің көпшілігі 1991 жылғы жекешелендіру кезінде дұрыс рәсімделмеген.

«Жекешелендіру паспортындағы үйдің ауданы Техникалық түгенеу бюросының ұсынған паспортындағы мәліметпен сәйкес келмей қалады. Сондай-ақ, Түрксіб ауданында көптеген үйлерге жапсарлас бөлмелер заңсыз салынған. Ондай үйдің иелері өздері рәсімдеген үйлерінің ауданына парапар үй берілуін талап етеді», - деп қорытындылады Мазан Серғазин.

«Ескі баспана» бағдарламасы - Алматыда жүзеге асырылып отырған республикадағы жалғыз жоба. 2013 жылдан бері қалада 22 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Алматыда «Ескі баспана» бағдарламасы бойынша сүрілуі тиіс баспананың саны 940. Олардың 600-і 2020 жылға дейін сүріледі.

Бағдарлама бюджеті 24 млрд 800 млн теңгені құрайды. Оның 4 млрд-ы ескі үй тұрғындарын жаңа үйге көшіруге бағытталса, қалғаны босаған аймақтарда жаңа үй салуға жұмсалады.

Соңғы жаңалықтар