Алматыда биыл 8 мыңнан астам тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда тұрмыстық зорлық -зомбылық құрбандарынан полиция департаментіне күнделікті 10-15 шағым түседі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қалалық полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Диас Дуанбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы қалалық полиция департаменті тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес мақсатында бірқатар профилактикалық іс- шара өткізуде. Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша полиция департаментіне күнделікті 10-15 шағым түседі. Біз зорлық жасаушыларды тауып, есепке аламыз, олармен профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Қажет жағдайда жауапқа тартамыз»,- деді Диас Дуанбеков.

Биылғы жылы Алматы қаласы бойынша зорлық көрсету фактісі бойынша 8 мыңнан астам шағым түскен.

«Біз биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары тарапынан 8 мыңнан астам шағымды тіркедік. Оның ішінде кінәлілердің 20%-ын жауапқа тарттық. Қалғаны полиция жасағы келгенге дейін жанжалды тоқтату себебінен жауапқа тартылған жоқ. Бүгінгі күні 7 мыңнан астам адам бізде профилактикалық есепте тұр. Олармен тиісті жұмыстар жүргізілді»,- деді Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Диас Дуанбеков.


Соңғы жаңалықтар