Алматыда биыл 30 жылдық еңбек өтілі бар зейнеткерлердің зейнетақысы өседі

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алматыда зейнетақы реформасының жемісін биыл алматылық қарттардың 65 % көретін болады, деп хабарлайд ҚазАқпарат тілшісі.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтілі мен жинақтау жүйесіндегі жинағына байланысты болмақ.

Яғни, адам неғұрлым көп жұмыс істесе, соғұрлым базалық және жинақ зейнетақысы да көп болады.

«Алматыда жас көрсеткішіне қарай зейнетақының орташа көрсеткіші 72 мың теңге. Қалада барлығы 222 мың зейнеткер өмір сүріп жатыр. Оның ішінде 33 жылдық еңбек өтілі барлардың үлесі 65%. Бұл кісілер 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап 28284 теңге көлемінде базалық зейнетақы алатын болады. Яғни, олардың зейнетақысы 13 мың теңгеге артады. Қазір базалық зейнетақы көлемі 15247 теңге. Ал еңбек өтілі жетпейтін зейнеткерлердің үлесі 35%»,- деді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің директоры Айдынжан Нарматов.

Заң бойынша 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтардың еңбек өтілі 10 жылдан аз болса, базалық зейнетақы көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%, яғни 15274 теңгені құрамақ. Еңбек өтілінің әр жылы базалық зейнетақы көлемі 2 пайызға арта бермек.

«Жыл сайын зейнетақы көлемі артуда. Биыл қаңтардан бастап базалық зейнетақы - 6%, ерікті зейнетақы - 8%, басқа да жәрдемақы көлемі - 6% арттып. Инфляциядан 2 пайыз алда келеді»,- деді Айдынжан Нарматов.

Айта кету керек, мемлекет төлейтін базалық және ынтымақтық зейнетақы көлемі қарт кісілер алатын ақшаның 2/3-сін құрайды.

Қалған 1/3 бөлімі БЖЗҚ жинақтау жүйесінен төленеді.

Соңғы жаңалықтар