Алматыда биыл 270 мың бала жазғы демалыспен қамтылады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Биыл Алматыда 270 мың оқушы, оның ішінде аз қамтылған отбасынан шыққан 35 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл мегаполис оқушылары үшін 209 мектеп жанындағы және 20 қала сыртындағы сауықтыру лагерлері ұйымдастырылады. Сонымен қатар, сегіз ауданның әкімдігі мектеп жанындағы лагерге баратын балаларды театрларға, мұражайлар мен кітапханаларға тегін жібереді»,- деп жауап берді ҚазАқпарат жолдаған сауалға қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, 750 бала оқушылар сарайының «Өрнек» жазғы лагерінде демалды. Ұйымдастыру кезінде білім беру және дамыту бағдарламаларына ерекше назар аударылмақ.

Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер клубтары ойын-сауық, шеберлік сыныптарымен және басқа да түрлі іс-шаралармен қамтылады.

«Маусым айында мектеп жанындағы лагерлерде 30 мыңнан астам бала демалады. Оның ішінде әлеуметтік осал отбасынан шыққан 18 120 оқушы, ерекше білім беру қажеттілігі бар 4263 бала және әртүрлі жетістіктеріге қол жеткізген 7617 оқушы бар»,- деп атап өтті әкімдік өкілдері.

Бұдан бөлек, бекітілген жазғы демалыс кестесіне сәйкес, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққан 3400 бала, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 100 оқушы, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балалар қала сыртындағы сауықтыру лагерлерінде демалады.

Бұған дейін Алматы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жазғы сауықтыру лагерьлеріне қойылатын талаптарды атаған болатын.


Соңғы жаңалықтар