Алматыда биыл 2 мыңнан аса бүлдіршін балабақшамен қамтылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биыл 18 мемлекеттік балабақшаның құрылысы жоспарланған. Олардың 16-сы ағымдағы жылы пайдалануға берілмек.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Рахат Шимашева айтып берді. «2014 жылы 18 мемлекеттік мектепке дейінгі мекеменің құрылысы жоспарланып отыр. Олардың 16-сы биыл пайдалануға беріледі. Бұл 2120 бүлдіршінді балабақшамен қамтуға септеседі. Қалған 640 орындық 2 балабақша 2015 жылы пайдалануға беріледі. Олардың ішінде 7-уі республикалық бюджеттен, 11-і жергілікті бюджеттен қаржыландырылып отыр», - деді Рахат Шимашева. Оның айтуынша, жаңа балабақшалар «Шаңырақ-5», «Алғабас», «Ақбұлақ», «Жас қанат» шағынаудандарында, Бостандық, Медеу, Әуезов аудандарында бой көтереді. «Сондай-ақ биыл жыл басынан бері 4 мемлекеттік балабақша ашылып, оларда 480 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Жекеменшік балабақшалардың құрылысы да қарқынды жүруде. Биыл 350 орындық 8 жекеменшік балабақша пайдалануға берілді», - деді білім басқармасының басшысы. Білім басқармасы ұсынған статистикалық деректерге сүйенсек, дәл қазір Алматыда 278 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істеп жатыр. Мұнда 43 841 бала тәрбиеленуде. Ал қала бойынша 54 836 бүлдіршін балабақшаға кезекте тұр.

Соңғы жаңалықтар