Алматыда биыл 1500-ден астам есірткіні жарнамалайтын граффити жойылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жыл басынан бері есірткіні жарнамалайтын 1500-ден астам граффити жойылды. Өткен жылы еріктілердің көмегімен 300 мың граффити жойылған болатын. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Наркостоп» жобасының PR маманы Жанар Нұрсейітова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, екі жылда жүйелі жұмыстар жасалды.

«Қарапайым мысал келтірейін, егер алғашқы күндері 50-ге жуық ерікті есірткі жарнамаларын бояуға шықса, орта есеппен бір еріктіге 100 жазудан келетін. Қазіргі таңда 50 еріктіге 10-15 жазудан келеді. Бұл - суреттерді өшіріп тастаған соң қайта пайда болған граффитилер», - деді Жанар Нұрсейітова.

Еске салсақ, «Наркостоп» жобасы Алматыда 2021 жылы іске қосылды. Граффитидегі суреттерді өшіруден басталған жоба бүгінде бағытын кеңейтіп, синтетикалық тәуелділік мәселесін шешу жолдарын қарастыруда. Сонымен қатар, алматылықтар да аулаларға камералар орнату арқылы есірткі қылмысымен күреске үлес қосуда.

Айта кетейік, қала тұрғындары анонимді түрде Алматы қалалық полиция департаментінің WhatsApp-тағы сенім телефоны 8 705 549 70 25 немесе «Наркостоптың» жедел желісі – 8 747 461 67 01 арқылы хабарласа алады.


Соңғы жаңалықтар