Алматыда биыл 1 мың жас баспаналы болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы жастарының тиімді шарт бойынша тұрғын үй алуға мүмкіндігі арта түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінен бастап «Алматы жастары» бағдарламасы іске қосылды. Тұрғын үй бағдарламасына қатысушылар өтінімдерін 30 наурызға дейінгі аралықта www.almaty-zhastary.kz сайтында онлайн режимде бере алады. Бұл үшін оларға электрондық сандық қолтаңба (ЭСҚ) керек.

Алматы қаласы әкімдігі мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бірлескен жобасына 35 жасқа дейінгі алматылықтар қатыса алады. Өтінімдер Алматы қаласындағы мемлекеттік қалалық және республикалық ұйымдарда қызмет ететін келесі азаматтардан қабылданады: дәрігерлер мен медбикелер; педагогтар мен тәрбиешілер; әртістер, жазушылар, мәдениет саласының қызметкерлері; бапкерлер мен спортшылар; ЖОО мен ғылыми институттардың оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері; әлеуметтік сала қызметкерлері; өндірістік қызметпен айналысатын БАҚ қызметкерлері мен журналистер (мемлекеттік және коммерциялық).

«Алматы жастарына» қатысушылардың ресми жұмыс өтілі соңғы алты айдан кем болмауы тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған мәдениет саласының өкілдері үшін кемінде жарты жыл бойы Алматы қаласында тіркелген және қызмет көрсететін жеке кәсіпкерліктің болуы міндетті.

«Алматы жастары» бағдарламасы қала әкімдігімен бірлескен жемісті жұмыстың көрнекті мысалы. Қалалық тұрғын үй бағдарламасы алғаш рет 2017 жылы басталып, үлкен сұранысқа ие болды. Екі жыл ішінде осы жоба аясында 1 383 өтінім қабылданды. Біз қалалық билік өкілдерімен 2,2 млрд теңге сомасына қаланың 240 жас тұрғынын баспанамен қамтамасыз еттік. Биыл бағдарламаның жүзеге асырылуына қалалық бюджеттен 10 млрд теңге және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бюджетінен 3 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат 1 000 алматылық тұрғынның баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Өтініш қабылдау мерзімі аяқталған соң қатысушыларды іріктеу басталады.

Алматы қаласының тұрғын үй басқармасы 20 жұмыс күні ішінде үміткерлер тізімімен қоса, олардың өткізген құжаттарының дұрыстығын тексеріп, жинаған балл санына қарай бағдарламаға қатысушыларды таңдайтын болады. Оған некеде қанша жыл тұрғандығы, балаларының бар екендігі, категория бойынша үздіксіз жұмыс өтілінің мерзімі, халықтың әлеуметтік-әлсіз тобына жататындығы әсер етеді. Пул құрылғаннан кейін, қатысушылардың барлығына Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде несие рәсімдеу үшін жолдама беріледі. Бұл жолдама 15 жұмыс күні ішінде жарамды. Тұрғын үйді іздеп-табуға банк екі ай уақыт береді. Пәтерді жаңа және қолданыстағы үйден алуға болады.

Оны сатып алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 13 млн теңге көлемінде максималды соманы несиеге береді. Бастапқы жарна кемінде 10%-ды құрауы тиіс. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме - жылдық 5%.

Мәселен, құны 13 млн теңгелік пәтерді сатып алар кезде займ бойынша төлем алғашқы 8 жылда 101 967 теңгені, ал қалған 11 жыл ішінде азайып, 54 100 теңгеге тең болады.


Соңғы жаңалықтар