Алматыда биші әжейдің үйі өртеніп, 8 адам баспанасыз қалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Белсенді ұзақ ғұмыр» орталығының 73 жастағы бишісі Ғалия Тоқтарбаеваның үйі өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тілсіз жау 8 адамды баспанасыз қалдырды.

Үй иесінің айтуынша, өрт 13 желтоқсанда моншадан басталған.

«Ештеңеден хабарым болмады. Немереммен таңғы асымызды ішіп отырғанбыз. Бір иіс шыққанын байқадым. Сол сәтте көршілер қоршауды қаға бастады. Сыртқы есікті ашсам, тура қарама қарсы тұрған моншадан қызыл жалын лаулап жатыр. Балаларым полиция, өрт сөндірушілерді шақырды», - деді ол.

Үй Түрксіб ауданында Жансүгіров көшесінде орналасқан.

Үйде Ғалия Тоқтарбаеваның ұлы мен келіні, 5 немересі тұрады. Қазір отбасы туыстарының саяжайына көшіп кетті.

«Қазір бізге жанашыр адамдар көмектесіп жатыр. Біреулер киім әкеп жатыр, біреулер тамақ тасуда. Не әкелсе де қабылдап жатырмыз. Бүгін балаларым ХҚКО құжат рәсімдеуге кетті. Абырой болғанда, үйдің құжаттары көлікте болған. Ең бастысы — барлығымыз аманбыз», - деді ол.

Ғалия Тоқтарбаева – кәсіби биші. Зейнетке шыққан соң эстрада және цирк колледжінде сабақ берген.

Сосын «Белсенді ұзақ ғұмыр» орталығына егде кісілерге би үйрететін жаттықтырушы болып жұмысқа тұрған.

«Асыл әже» би ансамблін құрған.

«Белсенді ұзақ ғұмыр» орталығының Instagram парақшасында қаржылай және заттай көмек жинау туралы ақпарат жарияланды.


Соңғы жаңалықтар