Алматыда бірде - бір шешім «Нұр Отан» партиясының қатысуынсыз қабылданбайды - Байбек

None
None
АЛМАТЫ. Қазақпарат - Бүгін Алматыда «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Байбек бірлестіктің жаңа мүшелеріне партия билеттерін салтанатты түрде тапсырды, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Олардың арасында қаланың мәдениет және зиялы қауым, денсаулық сақтау, бизнес, білім мен ғылым өкілдері бар.

Бауыржан Байбек бүгінде Қазақстан халықтары Ассамблеясының азаматтардың нәсіліне, этникалық, діни және әлеуметтік жағдайына қарамастан олардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ететін нақтылы қозғаушы күшке айналғанын айтты.

«Бүгінде қала бюджеті тұрғындармен кездесу барысында айтылған азаматтардың өтінімі және партия ұсынысы бойынша құралады. Фракция депутаттарының ұсынысы бойынша халықтың аз қамтылған бөлігіне әлеуметтік қолдау көрсету көлемі едәуір артты. Алматыда бірде - бір шешім «Нұр Отан» партиясының қатысуынсыз қабылданбайды, өйткені ол өз жұмысын Саяси доктринаның есеп беру, ашықтық, тиімділік және кең қоғамдық диалог принциптеріне сай жүргізеді», - деді Бауыржан Байбек.

Қалыптасқан дәстүр бойынша партияның туған күнінде оның қатары жаңа мүшелермен толықты. Олардың қатарында мәдениет, денсаулық сақтау, білім мен бизнес өкілдері бар. Олардың арасында кино және театр актері Азамат Сатыбалды, Ықылас атындағы ұлттық музыка аспаптары музейінің директоры Ұлжан Байбосынова, «SmArt.Point Almaty» бас директоры Әмірхан Омаров, ПІБ Орталық клиникалық ауруханасының президенті Игорь Крачковский, «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасына қатысушы Хадичахан Рафикова, GIST TECH-I халықаралық инновациялық конкурстың финалисі Ардақ Бердібеков және танымал кәсіпкер Нұржан Құлсейтов бар.

«Партия - халық пен мемлекет арасындағы көпір. Оның көмегімен тұрғындардың көңіл күйі білінеді, проблемалары мен өтінімдері дер кезінде шешім табады. Әрине, атқарылар істер алда. Мен бүгін партия мүшесі болғаныма мақтанамын. Елімізде мәдениет өркен жаюы тиіс, өйткені өнер мен мәдениет - халықтың бет пердесі», - деп атап өтті Азамат Сатыбалды.

null 

«Көктемнің алғашқы күнінде партия мүшесі атанғаныма өте қуаныштымын. Президентіміздің саясаты Тәуелсіздік алған қиын кезеңдерге қарамастан барлық қиындықтарды ойдағыдай жеңуге күш берді. Мен «Рухани Жаңгыру» бағдарламасының өмірге келгеніне өте ризамын, өйткені, бізде өзгелерде жоқ мәдениет пен дәстүрлер бар», - деді Ұлжан Байбосынова.

Шара барысында партияның дамуына ерекше үлес қосқан Рахман Алшанов, Бекқали Торғаев және Наталья Некрасова сынды ардагерлер Алғыс грамоталарымен марапатталды.

«Партия 19 жыл ішінде қанат жайды, саяси және экономикалық дамуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Мен бүгін партия тарихына өзімнің қатысым бар екеніне мақтанамын», - деді партияның Орталық аппаратының алғашқы сектор меңгерушісі Наталья Некрасова.

Айта кетерлігі, «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы жаңа технологияларды енгізуде және партия жүйесінің жұмысын жаңғыртуда флагман болып табылады. Жыл қорытындысы бойынша партияның Алматы қалалық филиалының Қоғамдық қабылдауы «Үздік қоғамдық қабылдау» атты республикалық конкурста бірінші орынды иеленді, 1 желтоқсанда «Нұр Отан» партиясының алғашқы мультимедиялық музейі ашылды. Осы жақында ғана партияның арнайы ситуациялық «Policy analytical Office» орталығы жұмысын бастады.

Соңғы жаңалықтар