Алматыда бір тәулікте 160-тан астам жол апаты тіркелді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Өткен тәулікте Алматыда 163 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 48 адам зардап шегіп, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған орай, Алматы полициясы жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады.

«Ауа райының нашарлауына байланысты жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырамыз. Көбінесе бұл үндеу көлікті басқаратын қала жүргізушілеріне арналған. Біз оларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жүргізуші мәдениетін танытып, зейінділігін арттыруға үндейміз. Әдетте, ауа райының нашарлауы жалпы жол қозғалысы жағдайына әсер етеді. Біз автоәуесқойларды көліктерін қыс мезгіліне алдын ала дайындау керектігін, қысқы дөңгелектерге ауыстыру қажеттігін ескертеміз. Бұл үндеу қазір өте өзекті және жолдардағы қайғылы оқиғалардың алдын алуға септігін тигізеді», – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов.

Еске салайық, 8 қараша күні Алматыда Төле би - Абылай хан көшелерінің қиылысында екі автобус соқтығысты.

Алғашында полицейлер 1 адамның көз жұмып, 15 адамның зардап шеккені туралы мәлімдеген болатын.

Кейін жарақат алғандар саны 17-ге артты.

Соңғы мәлімет бойынша, медициналық көмекке 21 адам жүгінген, оның 9-ы ауруханаға жатқызылды.

Сондай-ақ сол күні Алматыда автобус пен жеңіл көлік соқтығысты.


Соңғы жаңалықтар