Алматыда бір айдың ішінде карантин талаптарын бұзған 4 002 нысан анықталған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматының 8 ауданында күнделікті 40-қа жуық мониторингтік топтар жұмыс істеуде. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан онлайн брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматыда мониторингтік топтар күнделікті, күндізгі және түнгі уақыттарда, қоғамдық көліктерде, метрода жұмыстар жүргізуде. Оның үстіне қалалық әкімдікте қалада санэпидемиялық жағдайды талдау бойынша апта сайын жиын өтіп тұрады. Мониторингтік топтар Алматыда да КВИ таралуына қарсы күрестің тиімді тетігі болып қала береді»,- деді Ержан Бабақұмаров.

Мониторингтік топтардың жұмысының нәтижесі бойынша ағымдағы жылдың 1 қаңтары мен 5 қазан аралығында 4 436 рейд жүргізілді, 41 832 нысан қамтылды, карантиндік шектеулерді бұзған 4 002 объект анықталды. 6 248 хаттама жасалды, оның ішінде заңды тұлғаларға 704, жеке тұлғаларға маска режимін бұзғаны үшін 5 544 хаттама толтырылды. Соттарға карантинді жиі бұзатындардың 78 материалы берілді, ал соттар 44 нысанның қызметін тоқтатты.

Ержан Бабақұмаровтың айтуынша, тамыз айынан бастап күндізгі және түнгі рейдтер шектелді, сондай-ақ қоғамдық көлікте санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларының сақталуына тексерулер жүргізілуде.

«Күндіз – 631, түнде – 605, қоғамдық көлік бойынша – 372 рейд жүргізілді. Күндізгі рейдпен – 3 823 объект (бұзушылықтар 169-да анықталды), түнгі рейдпен – 4 409 объект (бұзушылықтар 237 объектіде анықталды) қамтылды. Қоғамдық көлікте 468 жеке тұлғаның бетперде режимін бұзғаны анықталды»,- деді спикер.

Апта сайынғы бағалауға сәйкес, қала тұрғындары індет жұқтыратын негізгі орындар: сауда объектілері – 35%, базарлар – 11%, қоғамдық көлік – 18%, отбасылардағы байланыстар 16% болып отыр.


Соңғы жаңалықтар