Алматыда берішті менингиттің өршуі болмайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Астанада шілде айында «берішті менингит» дертінің 80 жұқтыру жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өзге аймақтардың эпидемиологиялық ахуалына қалай ықпал етуде? Аталған дерттің негізгі қоздырғышы энтеровирус жұқпасы Алматының тұрғындарына қауіп төндіре ме? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің жұқпалы және паразиттік ауруларды бақылау бөлімінің жетекшісі Ольга Асаеваға хабарластық.

- Алматыда берішті менингиттің өршуі тіркелуі мүмкін бе?

- Жоқ, Алматыда «берішті менингиттің» қоздыратын энтеровирус жұқпасы әлі тіркелген жоқ. Сондықтан, аталған аурудың өршуі болмайды.

- Жыл басынан бері осы дертке шалдыққандардың саны жайлы айта аласыз ба?

-Жыл басынан бері Алматыда аталған дертке шалдығудың 41 жағдайы тіркелді. Алайда, зертханалық қорытындыларға сәйкес науқастардан энтеровирус табылмады. Ауырғандардың 78 пайызы 7-14 жастағы балалар. Бұл науқастар бір-бірімен байланысты емес. Ұжымдық жұмыс орындарында мекемемен байланысы жоқ бірлі-жарым сырқат кездесті. Науқастармен жүргізілген сауалнама барысында олардың 30 пайызы ашық су қоймаларында шомылғандығы анықталды. Қалған 70 пайызының сырқаттану себебі анықталмады.

- Жұқпалы аурудың бетін қайтару үшін қандай алдын алу шаралары жүргізілуде?

- Департамент тарапынан эпидемиологиялық ахуал күнделікті қадағаланады. Барлық берішті менингитті жұқтыру жағдайы зертханалық тұрғыдан зерттеледі. Энтеровирус жұқпасының қоршаған ортадағы қозғалысын анықтау үшін ашық су қоймаларындағы, субұрқақтардағы, хауыздардағы су зертханалық тексеруден өтеді. Сондай-ақ, ауыз су жүйесі үнемі бақылауда. Қазір қаладағы ауыз сумен қамту жүйесі барлық талаптарға жауап береді. Күмәнді көрсеткіштер табылмады.

- Қаланың жалпы эпидахуалы туралы не айтасыз?

- Қазір қаладағы жұқпалы және паразиттік ауруларға қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Жедел ішек жұқпалары - 100 мың адамға шаққанда 19,7 көрсеткішті, А вирусты гепатиті 100 мың адамға шаққанда 6,9 көрсеткішті құрады. Бұл өткен жылдағы көрсеткішке парапар. Ал, жедел респираторлы вирустық жұқпа көрсеткіші өткен жылғымен салыстырғанда 15 пайызға төмендеді. Балаларға арналған ұжымдық мекемелерде жаппай науқастану тіркелмеді.

- Сұхбатыңыза рахмет!

Соңғы жаңалықтар