Алматыда белгілі түрколог Әбжан Құрышжанұлының 85 жылдығы аталып өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінде белгілі түрколог, тұңғыш қыпшақтанушы ғалым Әбжан Құрышжанұлының 85 жылдығына арналған ғылыми-халықаралық конференция өтті.

Жиында Профессор Әбжан Құрышжанұлының түркі дүниесін, тілі мен тарихын, руханиятын зерттеуге қосқан үлесі туралы сөз қозғалды.

Конференцияға елімізбен қатар шетелдік түркітанушы ғалымдар, тіл мамандары, Халықаралық Түркі академиясының ғалым хатшысы, ф.ғ.д., профессор Амантай Шәріп, Еге университеті Түркі әлемі зерттеулер институтының профессоры Фикрет Түркмен (Измир), А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Мырзаберген Малбақов, Йылдыз техникалық университетінің профессоры - Мехмет Өлмез, Оnur Тarlacı (Dicle Üniversitesi, Türkiye), Hasan Кaracan (giresun üniversitesi, Тürkiye) қатысты.

Шара барысында ғалымның жұбайы Шайзада Құрышжанова Халықаралық Түркі академиясының демеушілігімен жарық көрген Әбжан Құрышжанұлының «Иүсүп Ұлық Хас Хажиб Баласағұни. Құтадғу Білік» және «Формы и значения падежей в языке Кодекс Куманикус» атты кітаптарының тұсауын кесті.

«Қазіргі кезде уақыт талабына сай мұндай халықаралық интеграциялар мен байланыстарды нығайту қызмет ететін әлемдік ауқымдағы кәсіби мамандар қажет. Мұндай мамандар қазір үлкен сұранысқа ие. Солардың бірі - Әбжан Құрышжанұлы еді. Бұл есім берісі - қазаққа, арысы әлем түркітанушыларына таныс есім болды. Зерттеушілік мол түйсігі мен қарымды қаламының, ізденімпаздығының арқасында сонау көне тарих тереңіне кеткен орта ғасыр ескерткіштерін «Кодекс Куманикустан» бастап бірқатар түркі жұртына ортақ мұраларды ғылым тезіне салып зерттеді», - деді Қыздар университетінің бірінші проректоры Баходир Әлиев оқу орнының ректоры Динар Нөкетаеваның алғы сөзін жеткізе отырып.

Конференцияда дарынды ғалым, ұлағатты ұстаз Әбжан Құрышжанұлы туралы арнайы баяндамалар жасалып, естеліктер айтылады.

Пленарлық жиыннан соң қатысушылар Оңтүстік Кореяның Ханкук университетіндегі ғалымның қызы Әлия Құрышжановамен, Ұлыбританияның Кембридж университетіндегі екінші қызы Жанар Құрышжановамен, Түркия Республикасының Еге университетімен, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетімен онлайн режимде тілдесті.

Түстен кейін конференция жұмысы секциялық жұмыстарға ұласады.

Конференция жұмысы «Түбі бір түркіміз» атты дәстүрлі түркі халықтарының фестивалімен аяқталады.

Соңғы жаңалықтар