Алматыда белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай жайлы деректі фильмнің тұсауы кесілді (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жақында ғана дүниеден өткен белгілі театр сыншысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әшірбек Сығайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы деректі фильмнің таныстырылымы өтті. Картинаны «Қазақфильм» киностудиясы» АҚ түсірген.

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театрында өткен «Әшірбек Сығай: сын сардары» фильмінің премьерасына белгілі театр және өнер қайраткерлері, жазушылар, Ә.Сығайдың замандастары мен шәкірттері, өнерсүйер қауым және туыстары қатысты.

Деректі туындының режиссері Қалила Омаров 60 минуттық таспаны түсіруге 1 жыл кеткенін айтты. Әшірбек Сығай көзі тірісінде осы туындыны екі рет тамашалаған көрінеді.

«Фильмде Әшағаның балалық шағы өткен кездерінен бастап, шығармашылық шыңына дейін сөз етіледі. Замандастарының пікірі, ойы жазылған. Ең бастысы фильм Мәскеу театр сыншыларының «Әшірбек Сығай кім?» деген сұрағына толығымен жауап беріледі», - деді режиссер Х.Омаров.

«Әшекеңнің қазасына театрға жұрт ағылып келіп жатты. Мен 77 жасымда ешқандай атақ-даңқ, марапаттың халық ықыласынан, бағасынан артық емес екенін түсіндім. Әшірбек шынында да халықтың ұлы екен. Айналайын Әшекең қасымда жүрген дос інім болатын. Менің өмірден өтсе де, сырласатын екі адамым бар, бірі - Шәкен (Айманов) болса, екінші сырласатын адамым - Әшірбек», - деді Қазақстан халық әртісі Асанәлі Әшімов.

Жазушы Дулат Исабеков те өз сөзінде Әшірбектің орны қазақ өнерінде ойсырап тұрғандығын жеткізді.

«Бәйгенің аты бәйгеге иесіз жетіп отыр. Өзінің 70 жылдық мерейтойына жете алмайтынын білгендей ел аралап, оқыған мектебінде болып, балалармен қауышып, жақын достарына телефон соққан еді. Іші сезді ме екен? Әшірбек Сығайдың орны әсте толмайды. Халықаралық шараларға төрағалыққа кім барады десек, енді ойланып, таразыға салатын болдық. Ел ішінде оның орнын басар таланттар туар деп көңіл жұбатамыз», - деді Д.Исабеков.

Сондай-ақ сыншы туралы деректі фильмнің таныстырылымы өнер қайраткерінің туған жерінде, 8 қаңтарда Шымкентте және 9 қаңтарда Кентауда өтпек.

Соңғы жаңалықтар